Елімізде президент бастамасымен «Каспий – Арал» магистралінің құрылысы басталды.
Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жолдың бірі. Үш облысты жалғайтын күре жол елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Сексеуіл – Бейнеу жолы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жол құрылысының бірі. Президент жаңа жолға «Каспий – Арал» магистралі деген атау берді. Сексеуіл – Бейнеу арасы екінші санатты, Қызылорда – Сексеуіл бағыты бірінші санатты жол болады. Магистраль іске қосылса, елдің транзиттік әлеуеті артады.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Президентіміз осы үлкен нысан-жобаны 2029 жылға дейін аяқтауды тапсырды. Бұл еліміздің жол құрылысын дамытуға, экономикасын дамытуға, әсіресе осы Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысының экономикасын көтеруге де үлкен өзінің септігін тигізетін болады. Он мыңдаған жұмыс орындары ашылады.
Қазір батысқа негізгі жол Ақтөбе арқылы өтеді. Болашақта бұл бағыт шамамен 900 шақырымға қысқарады. Жаңа магистраль қашықтықты қысқартумен қатар жүк тасымалын жеделдетеді. Құрылысқа 10 мыңнан астам жұмысшы мен 3 мыңға жуық техника тартылады.
Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Ақтөбеден Қандағаш, Қандағаштан Атырау, Доссор, Құрылыс одан Бейнеу, Ақтауға бір-ақ шығады. Ал енді қазір мына жаңа жоба іске асырылғаннан кейін біз Сексеуілден тікелей Бейнеуге шығып, Құрық немесе Ақтау портына бір-ақ шығамыз. Енді жалпы қысқаратын ұзындығы 900, 1000 шақырым көлемінде. Енді күндерге алсақ, ол жоқ дегенде үш күн.
Айтулы жоба отандық туризмге тың серпін беріп, жол бойындағы сервистік инфрақұрылым дамиды. Елдің транзиттік мүмкіндігі кеңейе түседі,-дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #автожол #Қызылорда #сексеуіл #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz