Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы басталды.
Ауқымды жоба аясында өңірде 462 шақырым жол төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Батыс өңірлерге дейінгі қашықтық 1000 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу уақыты 3 күнге азаяды.
Телекөпірге «Қызылорда – Сексеуіл» учаскесінен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қосылды. Ал Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Президентке маңызды жобаны бастауға дайындық барысын баяндады. Жаңадан салынатын бұл магистральдар өңірлер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, елдің транзиттік мүмкіндігін арттыра түседі.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Президентіміз осы үлкен нысан-жобаны 2029 жылға дейін аяқтауды тапсырды. Бұл еліміздің жол құрылысын дамытуға, экономикасын дамытуға, әсіресе Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, Маңғыстау облысының экономикасын көтеруге де үлкен септігін тигізетін болады. 10 мыңдаған жұмыс орындары ашылады.
Жоба аясында 462 шақырым жол қайта жаңартылып, төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Мұнда 81 көпір, 452 су өткізу құрылысы, демалыс орындары мен цифрлық бақылау жүйелері салынады. Құрылысқа 10 мыңнан астам жұмысшы мен 3 мыңға жуық техника тартылады.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Ақтөбеден Қандағаш, Қандағаштан Атырау, Доссор, Құрылыс одан Бейнеу, Ақтауға бір-ақ шығады. Жаңа жоба іске асырылғаннан кейін біз Сексеуілден тікелей Бейнеуге шығып, Құрық немесе Ақтау портына бір-ақ шығамыз. Жалпы қысқаратын ұзындығы 900, 1000 шақырым көлемінде. Енді күндерге алсақ, ол жоқ дегенде үш күн.
Айтулы жоба отандық туризмге тың серпін беріп, жол бойындағы сервистік инфрақұрылым дамиды. Елдің транзиттік мүмкіндігі кеңейе түседі,-дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #автожол #Қызылорда #сексеуіл #жарнама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz