Гарвард, Оксфорд, Кембридж студенттері Алматыда бас қосты. Олар тұңғыш рет университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының финалында бақ сынайды.
Интеллектуалды жарыстың шымылдығы бүгін ашылды. Турнир FIDE-ның және Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен өтіп жатыр.
Финалдық кезеңге 16 команда жолдама алған. Қазақстан намысын үш бірдей жоғары оқу орнының студенттері қорғайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай бәсеке еліміздің зияткерлік спортты дамытуға басымдық беретінін, әрі халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге әлеуетті екенін көрсетеді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Соңғы үш жылда бірнеше халықаралық деңгейде үлкен турнирлар Қазақстанда өтті. FIDE оған өте жоғары баға берді. Бұл ересектер арасындағы негізгі турнирдан кейін екінші сатыда тұрған ең үлкен маңызды турнир. Ұлттық федерацияны бағалап, соның нәтижесінде біздің министрлік, Спорт министрлігі, Үкімет қосылып қазір үлкен қолдау беріп жатыр.
Чемпионат швейцариялық жүйемен емес, командалық форматта өтеді. Қатысушылар төрт топқа бөлініп бақ сынайды. Одан шыққан үздіктер плей-офф кезеңіне жолдама алады. Мұнда командалар тек шахматтағы жетістіктерімен ғана емес, академиялық деңгейімен де ерекшеленеді. Сондықтан турнир тартысты бәсекемен қатар, әлемнің жетекші оқу орындары арасында тәжірибе алмасу алаңына айналады.
қазыбек Нөгербек, жарысқа қатысушы:
- Кішкене қобалжу бар, бірақ спортшылар онымен күресу керек. Біздің ең басты қарсылас - Сент Луйс университеті. Олар АҚШ-тан келген. Сонымен қатар Ресейден келген Урал университеті. Біздің құрамада Индонезия, әл-Фараби университеті және Оксфорд университеті қарсыластар.
FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған сайыстың жүлде қоры 15 миллион теңге. Алғашқы әлем чемпионатының жеңімпаздары 9 тамыз күні анықталады.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Оксфорд #Гарвард #Қазақстан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz