Бұл береке ғой. Қазақ атам айтқан. Атадан мал қалғанша тал қалсын!
Мирислам қария бақташылықпен 20 жыл бойы айналысады. Бақшасында алмадан бөлек жүзімнің 34 түрі жайқалып тұр. Бағбан оның ресейлік 10 сұрпын жерсіндірген. Жыл сайын 300 тонна алма, 20 тонна жүзім жинайды. Бұл өнім ауыл тұрғындарының сұранысын өтеуге жеткілікті. Айтуынша, мол өнімнің сыры – ағашты күтіп-баптауда ғана емес, оған жанашырлықпен қарауда.
Мирислам Аллахмиранов, Мойынқұм ауданының тұрғыны:
- Егер жаңа сорт жылда алып келмесем менде адреналин болмайды. Мен әрең жүрем. Бірдеңе жетпейді маған. Сол үшін жаңа сорттар әкелемін. Украина, Ресей, Өзбекстан бауырларымыздан. Скл Шу ауданы алады. Мойынқұм ауылы, Меркіден келеді, Қордайдан келеді, Скл Құланнан келеді алады. Алматыдан өздері келеді. Бізде алма да бар. Алманы да жүзімді де алады.
Бағбаншылыққа деген қызығушылық Мирислам ақсақалға әкесінен дарыған. Әкесі Кеңес дәуірінде жүзім шаруашылығымен айналысып, рекордтық өнім алған. Бүгінде әке жолын жалғастырып, 15 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар бағбандыққа қызығатындарға үш айлық тәжірибелік курс өткізеді. Жеміс-жидек шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі.
Болат Сағымбеков, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Шетелдік тыңайтқыштарға 50 пайыз көлемінде, отандық тыңайтқыштарға 60 пайыз көлемінде субсидия бар. Тұқымдық көшеттерге 50 пайыз, химиялық препараттарға 50 пайыз көлемінде субсидиялар мемлекет тарапынан қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен топырағы жеміс-жидек шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сондықтан алдағы уақытта бақша алқаптарын ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір Жамбыл облысында жеміс-жидекпен айналысатын 77 шаруашылық бар. Олар жыл сайын 20 мың тонна өнім өндіреді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан
Тегтер #Жамбыл облысы #жүзім #жемісжидек #жеміс #зейнеткер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz