RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр

05.08.2026, 11:10 33

Биыл өңірде 36 шақырым жылу желісі жаңартылып, 32 жылу кешеніне күрделі жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде Бурабай ауданында бес қазандық толық жаңғыртылады.  

40 мыңға жуық тұрғыны бар Щучинскте жылу желілерінің жалпы ұзындығы 80 шақырымға тең. Оның басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Қазір желілердің 70 пайызы тозған. Алдағы екі жыл ішінде 23 шақырым жылу трассасын жаңарту жоспарланып отыр.

Дәнекер Қабиден, Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің жетекшісі: 

- Бөлінген қаржыға биыл құбырдың 8 шақырымын ауыстырамыз. Қазір жұмыстың 70 проценті аяқталды. Кестеге сай   келеміз. Жылыту маусымы қарсаңында толық аяқтаймыз деп ойлаймын

  Ауданда қазандықтарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары қатар жүріп жатыр. Дегенмен басымдық Бурабай кентіндегі қазандыққа берілген. Кезінде жабдықтардың тозуына байланысты жылумен қамтуда бірқатар қиындық туындаған. Жылу орталығының мамандары алдағы қысты қиындықсыз өткізу үшін барлық қажетті жұмыстар жүріп жатқанын айтты.

Асхат Ілдебаев, жылумен қамту ұйымының директоры: 

- Жаңадан екі су жылыту қазандығы монтаждалды. Сондай-ақ №4 және №5 қазандықтарға ревизия жасалды. Қазір  жылу алмастырғыштар, сорғылар және бекіту-реттеу арматурасы ауыстырылып жатыр.

  Жалпы биыл облыстың 10 ауданында 32 қазандық ауыстырылады. Сонымен қатар қосымша үш жаңа блок-модульдік қазандық іске қосылады.

Темірлан Тілеужанов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы: 

- Көкшетау, Красный Яр кентінде және Ақкөл қаласында екі блок-модульдік қазандықты іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қосымша 32 қазандық ауыстырылады. Бес дизель-генераторы сатып алынды. Олар Зеренді және Бурабай ауданында орнатылады. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 37 пайыздан 35 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.

Биыл облыстың жылумен жабдықтау жүйесін арттыруға республикалық бюджеттен 44 миллиард теңге бөлінді. Қазандықтарды жөндеу, жылу желілерін жаңартумен қатар, бөлінген қаражат отын қорын қалыптастыруға да жұмсалады. Жылыту маусымы барысында өңірге 860 мың тонна көмір қажет. Қатты отынның алғашқы легі тамыз айының ортасынан бастап жеткізіледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz