Қазақстанның көрнекті кинорежиссері, ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан Ардақ Әмірқұлов дүниеден өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Қаралы хабарды ҚРМәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.
Министрлік мәліметінше, Ардақ Жамансарыұлы бар ғұмырын қазақ киносының өркендеуіне арнап, отандық кинематографияның қалыптасуына үлкен үлес қосты. Ол талантты режиссер ғана емес, тәжірибелі ұстаз әрі бірнеше буын кинематографистерінің кәсіби жолын қалыптастырған тәлімгер болды.
Режиссердің «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» сынды туындылары қазақ киносының алтын қорына енді. Оның фильмдері ел тарихын, ұлттық руханиятты және адам тағдырын терең суреттеуімен ерекшеленіп, көрермендер мен кино мамандарының жоғары бағасына ие болды.
Ардақ Әмірқұлов 1955 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген. 1977 жылы педагогикалық институтты тәмамдап, еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында бастады.
1988 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін Сергей Соловьевтің шеберханасында бітірді.
1992-2002 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының директоры қызметін атқарды. Сонымен бірге Алматы театр-көркемсурет институтында ұстаздық етіп, 1996 жылдан бастап профессор атағына ие болды.
Ардақ Әмірқұловтың шығармашылық мұрасы қазақ киносының тарихында айрықша орын алады.
Тегтер #режиссер #Ардақ Әмірқұлов #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz