RU
Толық нұсқаға өту

Қонаевта сайлауға дайындық барысы пысықталды

05.08.2026, 22:00 34

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Алматы облысында болып, Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге жауапты мекеме өкілдерімен, аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерімен кездесті.

Басқосуда саяси науқанға жұмылдырылатын мамандарды оқыту, бұқаралық ақпарат құралдары мен саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен жұмыс істеу, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау мәселесі сөз болды.

Алматы облысы бойынша Құрылтай депутаттары сайлауын ұйымдастыруға 683 учаске жұмылдырылады. Оның 639-ы тұрақты тіркеу бойынша, қалғаны азаматтардың уақытша болу орындарында құрылды. Оған әскери бөлімшелер мен медицина мекемелері кіреді. Қатысатын комиссия мүшелерінің саны – 4811 адам. 3 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары өздерінің тікелей жұмысына кірісті.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Сайлау заң шеңберінде өту үшін сайлау комиссиясының мүшелері ол заңды өздері өте жақсы білуі керек. Сол себептен біз арнайы жоспар құрып, бұл оқыту мәселесін үш кезеңге бөлдік.

Каскадтық оқытудың бірінші кезеңінде аумақтық сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған семинарлар өтсе, екінші кезең учаскелік сайлау комиссияларының басшыларын оқытуға арналды. Қазір учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерімен осындай жұмыс жүргізілуде.

Мейрамгүл Аитова, Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- 7 тамыздан бастап кез келген сайлаушы өзінің сайлау учаскесіне барып, өзі туралы мәліметтерді тексере алады. Сонымен қатар осы күндері біздің сайлау комиссиялары сайлаудың өтетін күні, орны, уақыты жөнінде шақырту қағаздарын тарататын болады.

Сайлау күнінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалады. Алматы облысында 1 млн 42 мың сайлаушы бар. Оларға шақырту билеттерінің жеткізілуін аумақтық сайлау комиссиялары қадағалайды.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz