Ақжайық жұртшылығы Халық Қаһарманы, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапичты соңғы сапарға шығарып салды.
18 жасында өзі сұранып майданға аттанған, отан үшін от кешкен ардагердің ерлігі мен өмірі өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге. Орны толмас қазаға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев марқұмның тума-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Иван Степанұлы Гапич 1941 жылы 18 жасында өзі сұранып қан майданға аттаныпты. Арнайы әскери құрылым қатарында жау тылындағы диверсиялық операцияларға қатысқан. Еуропаның бірқатар елдерін азат еткен. Жеңісті Кенигсберг қаласында қарсы алыпты. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы», «3 дәрежелі Әскери даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медальдарімен марапатталған. 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде Қызыл алаңда өткен әйгілі Жеңіс парадының қатысушысы. Соғыстан кейін Қарағанды, Көкшетау, Орал облыстарында прокуратура органдарында қызмет атқарған. Бірге еңбек еткен әріптестері Иван Степанұлын шыншыл, адал азамат еді, - деп еске алады.
Қабдығали Ахметов, қоғам қайраткері, әділет генерал-майоры:
- Ол кісі 20 жыл облыс прокурорының бірінші орынбасары болды. Мен ол кезде Бөрлі ауданының прокуроры едім. Иван Гапич заңгерлердің тұтас буынын тәрбиеледі, қылмыспен күрестің қыр-сырына үйретті. Өзіме ұстаз санадым, көп нәрсе үйрендім, көп көмегі тиді. Жоғары деңгейге көтерілуіме ықпал етті. Қызметте принципшіл, адал азамат болды. Өзіне адамдарды магнитше тарта білетін, әркез көңілді жүретін.
Осыдан үш жыл бұрын Иван Гапичке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені тапсырылды. 104 жасқа қарағанда өмірден озған ардагердің жарқын бейнесі Жайық жұртшылығының жадында ұзақ жылдарға сақталмақ.
Мұрат Жәкібаев, «Жеңіс тарихы» фильмдерінің авторы, кәсіпкер:
- Иван Степанұлы біз үшін үлкен үлгі деп санаймыз. Өйткені елге, халыққа қалай қызмет ету керек, қалай жұмыс істеу керек, аямай өзіңді. Оның өмірбаяны бүкіл елдің тарихы деп айтуға болады. Осы кісімен дәуір кеткендей болды. Иван Степанұлы мәңгі есімізде қалады.
Отан үшін от кешкен, халыққа қалтқысыз қызмет етудің өлшеусіз өнегесін көрсеткен Халық Қаһарманы Иван Гапичты бүгін оралдықтар соңғы сапарына шығарып салды. Қаралы жиында Мемлекет Басшысының көңіл айту жеделхаты оқылды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #иван степанұлы #Халық қаһарманыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz