RU
Толық нұсқаға өту

Үлкен Алматы каналы мен Қарасу өзенінің жағасы көріктендіріліп жатыр

06.08.2026, 20:50 44

Үлкен Алматы каналы мен Қарасу өзенінің жағасы көріктендіріліп жатыр. Жоба былтыр басталған. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мамандардың айтуынша, демалушылардың қолайлығы үшін барлық жағдай жасалады. 

Қарасу өзені жерасты бұлақтарынан нәр алады. Арындаған тау өзеніндей екпіні қатты емес. Жағасы қамыстау келеді. Сондықтан бұл жерге адам аяғы көп баспайтын. Қазір мұнда 6 гектар жер тегістеліпті. Сондай-ақ өзен жағасын шайып кетпеу үшін ұзындығы 2,5 шақырым жерге тор тартылған. Жетісу ауданы әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша жуық арада бұл жерге спорттық және ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар автоматты суару жүйесі орнатылады.

Талғат Кенжебаев, Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Жұмыстар 60 пайызға біткен. Қазіргі таңда балалар алаңдарын жасау, спорт алаңдарын жасау және де жоба бойынша бізде екі футбол, волейбол және скейт-площадкалар жасалынады. Жобаны толық аяқтау қазан айының соңына дейін жоспарлануда.

Ал Үлкен Алматы каналының ұзындығы 170 шақырымға жуық. 40 жыл бұрын қолданысқа берілген арна Бартоғай су қоймасынан бастау алады. Канал Жетісу ауданынан да өтеді. Осы аралықта жағалау абанттандырылып жатыр. Жөндеу жұмыстары былтыр жазда басталған. Содан бері аумақтың 18 мың шаршы метріне жасыл желек егіліпті. Тұрғындар серуендеу үшін жаяу жүргінші жолдары жасалды. 

Сергей Житинев, жоба жетекшісі:

- Парк аумағында полиция бекеті, қоғамдық дәретхана және медициналық пункт болады. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі орнатылады. Негізгі жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына қарай аяқталады. Бұл жер тұрғындардың сүйікті орнына айналады деп ойлаймыз.

Қаладағы қоғамдық кеңістіктерді көріктендіру тек орталықта жүріп жатқан жоқ. Шеткері аудандарда да қолайлы жағдай жасалып жатыр. Тұрғындар күзде екі жобаның да игілігін көреді.   

Авторлары: Ернұр Рысбай, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz