Ретро стильдегі фото жасау үшін Еуропаға ұшып, немесе музейлерді аралаудың қажеті жоқ. Алматыда ескі қала көшесі, кеңестік дәуірдегі пәтер мен сән-салтанаты келіскен батыстың тарихи интерьері тоғысқан ерекше фотокеңістік бар.
Бұл фотосурет саласына 40 жылын арнаған алматылық Борис Брульдің еңбегі.
Мына жер ескі Еуропаның тар көшелерімен серуендеп жүргендей әсер қалдырады. Дәмхана үстелдері, шағын бұрылыстар, ондаған есік... Бірақ мұқият қарасаңыз, мұндағы дүниенің басым бөлігі - шебердің қолымен жасалған декорациялар. Бұл ерекше атмосфераны алматылық фотограф Борис Бруль жылдар бойы қалыптастырған. Есіктерді, маңдайшаларды, шамдарды және басқа да заттарды өзі жинап, қарапайым ауланы нағыз фототүсірілім қалашығына айналдырған. Мұнда ерекше назар аударатын тағы бір нысан бар - кеңес дәуірінен қалған «Фотоателье» маңдайшасы. Бір кездері ол фотошеберхананы білдірсе, бүгінде осы ерекше орынның ең танымал белгілерінің біріне айналған.
Фотокеңістікті жасауға бірнеше жыл кеткен. Әртүрлі дәуірдің атмосферасын тоғыстырған ескі көше жасау идеясы мына кірпіш қабырғадан басталыпты. Интерьердегі көптеген көне бұйымдарды иесі жайма базарлардан, шетел сапарларынан және жеке коллекционерлерден жинаған.
Борис Бруль, фотосуретші:
- Телефон кабинасын өзіміз жасадық. Кабинаның өзі түпнұсқа емес, ал ішіндегі телефон аппараты – түпнұсқа. Өйткені дәл сондай кабинаны таба алмадық, сондықтан оны ескі архивтік сызбаларға сүйеніп қайта құрастырдық. Кейін анықтасақ, кеңес дәуірінде дәл осындай телефон кабинасы осы жердің дәл қарсы бетінде тұрған екен.
Бүгінде мұнда жиырмаға жуық ерекше локация бар. ХХ ғасыр басындағы жұмыс кабинеті, ағылшын қонақ бөлмесі, кеңестік дәуірдегі пәтер, асүй, тіпті италиялық палаццоның интерьері де қайта жаңғыртылған.
Гүлжамал Жайлаубек, Алматы тұрғыны:
- Бұрын-соңды мұндай локация бар екенін білмеппін. Маған өте қатты ұнады. Мұндай бұрынғы замандағы дүниелерді тек кинодан немесе тарихтан, музейлерден ғана көретінбіз. Бұл жерде өзің келіп, көзбен көріп, сезініп, көруіңе болады. Осы заттарға қарап, қазіргі заманның қаншалықты дамып кеткенін көрсек болады.
Жоба авторы Борис Брульдің айтуынша, фотостудия қомақты табыс әкеліп отырған жоқ. Ол фотосурет өнері мен тарихқа деген сүйіспеншіліктің арқасында жұмыс істеп тұр. Сондықтан жобаның болашағы белгісіз. Бірақ әзірге бұл ерекше кеңістіктің есігі ашық. Мұнда келген әр адам бірнеше дәуірдің атмосферасын сезініп, өткен ғасырға саяхат жасағандай әсер алады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ретро стиль #креатив #АлматыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz