Қостанай облысында алдағы жылу беру маусымына республикалық және жергілікті бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінді. Қаражат коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Басым бөлігі үй-аралық және магистральдық жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеуге жұмсалады.
Қостанай қаласында ұзындығы үш шақырымға жуық магистральдық жылу желісі қайта жаңартылып жатыр. Оның 970 метрінде құбыр толықтай ауыстырылады. Бұрынғы құбырлар 40 жылдан астам уақыт пайдаланылғандықтан тозып, қыс мезгілінде апатты жағдайлар жиілейтін. Облыс орталығындағы үйаралық және магистральдық жылу желілерінің жалпы ұзындығы 257 шақырым. Жөндеу жұмыстарынан кейін олардың тозу деңгейі үш пайызға азаяды деп күтілуде. Ол өз кезегінде өндірілген жылудың шығынын азайтады,-дейді мамандар.
Нұрлан Көшеков, "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" МКК бас инженерінің орынбасары:
- Бұрын кәдімгі болат құбырлар пайдаланылды. Қазір олардың орнына пенополиуретанмен қапталған жаңа құбырлар төселіп жатыр. Ол жылу шығынын 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құбырлардың зақымдануын уақытылы анықтайтын жедел бақылау жүйесі енгізіледі.
Қостанай жылу энергетикалық компаниясы бүгінде 93 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетеді. Былтырдан бері олардың саны 5 пайызға артты. Жаңа тұрғын үйлердің салынуы жылу желілеріне түсетін жүктемені көбейткен. Сондықтан магистральдық құбырлардың диаметрі кеңейтіліп, қазандықтардың қуаты арттырыла бастады.
Азамат Әужанов, "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" МКК директоры:
- Жылу көздерінде жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Қазандықтар мен машина залдары жөнделіп жатыр. Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама аясында 33 жоба жүзеге асырылуда. Оның 11 биыл толық аяқталды.
Өңірде барлығы 117 жылыту нысаны бар. Атап айтқанда,4 жылу электр орталығы, қалғаны дербес қазандықтар. Коммуналдық қызмет мамандарының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 52 нысан келер қысқа толықтай дайын.
Азамат Сабыржан, Қостанай облысы әкімдігі энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда Арқалық қаласында №5 және №6 бу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 346 миллион теңге. Жалпы алғанда, алдағы жылыту маусымына дайындыққа 19 миллиард теңге бөлінді.
Қысқа дайындық аясында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің де инженерлік желілері жөнделіп жатыр. Бүгінде облыстағы көпқабатты үйлер мен мектеп, ауруханалардың жартысынан астамы жылыту маусымына дайындық паспортын алды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Қостанай облысы #жылыту маусымы #дайындықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz