RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейді

07.08.2026, 21:30 35

Елдің оңтүстігінде ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді.

Осыған орай өңірде республикалық акция басталды. Патрульдік полиция мен көлік инспекциясының мамандары жүргізушілермен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, шамадан тыс жүк тиеу асфальттың бүлініп, шұңқырлардың пайда болуына себеп. Жыл басынан бері Түркістан облысында артық жүк тиеудің 70 дерегі тіркелген.

Шұқырбұлақ ауылы арқылы жүк көліктері көп қатынайды. Бүгінгі рейдте ірі габаритті автокөлік құралдарының салмақ талаптарына сәйкестігі тексерілді. 

Рауан Қалшораев, ПД патрульдік полиция батальоны қызметінің аға инспекторы:

- Транспорттық бақылаумен бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Мен сұрайтыным, жүк автокөліктерінің иелеріне заңды бұзбай, заң аясында жүкті артып, жүруін сұраймыз. Жолда қауіпсіздікті сақтап, байқап жүріңіздер.

Рейд барысында мамандар жүргізушінің құжаттары мен тиелген жүгін қарап шығады. Одан кейін көлік жылжымалы таразыға бет алады. Мамандардың айтуынша, тас жолдардағы ойықтар мен шұңқырлардың негізгі себептерінің бірі шамадан тыс жүк тиелген көліктер. Бұл жолдармен күн сайын жүздеген жүк көлігі қатынайды. Дегенмен, бәрі бірдей белгіленген салмақ талаптарын сақтамайды. 

Марден Тоғызбаев, көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Ауыр салмақты жүк актокөлік құралын тоқтатқаннан кейін бірінші сол жүкке өзінің арнайы құжаттары болуы керек, сол құжаттары тексеріледі және оны өзімізде мына жылжымалы бекеттің жылжымалы таразысы бар, сол таразыға қойып көліктің бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері бізде осы ауырсалмақты көліктеріне 72 әкімшілік хаттама рәсімделді, сонымен қатар осы акция негізінде 12 автокөлік құралдарына айыппұл салынды. 

Бірнеше тонналы көліктерді бақылау рейдпен ғана шектелмейді. Инспекторларға заманауи технологиялар да көмектеседі. Түркістан облысының жолдарында алты автоматтандырылған салмақ өлшеу кешені жұмыс істейді. Олар салмақты қозғалыс барысында анықтап, талаптарды бұзғандарды автоматты түрде тіркейді. Көршілес өңірлерде де осындай жүйелер енгізіліп жатыр.

Шымкентте қазір үш автоматтандырылған салмақ өлшеу кешені бар. Жыл соңына дейін олардың саны екі есе артады. Сонымен қатар жазда ауыр жүк көліктеріне маусымдық шектеу енгізіледі. Ауа температурасы көтерілген кезде олар сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жолға шыға алмайды. Бұл ыстықтан қызған асфальттың бүлінуіне жол бермеу үшін қабылданған шара.

Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz