Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы Басши ауылы еліміздегі ең үздік туристік ауылдардың қатарына кірді. «Алтынемел» ұлттық паркінің дәл іргесіндегі елді мекенге жылына 30 мыңға жуық турист барады.
Соған сай жергілікті тұрғындар саяхатшыларға қонақ үй, көлік қызметін ұсынып, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүр.
Басши ауылында тұратын Абдулхаким Мәуленқұл туристерге ерекше қызмет түрін ұсынады. Ол шетелдіктерге әдеттегі қонақүйлерді емес, автоүйлер мен киіз үйлерді жалға береді. Естен кетпес сәттерді сезінгісі келетіндерге жол талғамайтын көлікпен саяхат та ұйымдастырады.
Абдулхаким Мәуленқұл, Басши ауылының тұрғыны:
- Өмірлерінде 1-2 рет болатын автодомда түнеу оларға өте көп эмоция береді. Каравандардың ішінде ас үйі бар. Кейбір каравандардың ішінде душы, дәретханасы барлығы жабдықталған. Туристердің осы жаққа келіп, қазақүйдің жанында костер жағып отырып, жұлдыздарға қарап ауылдың нағыз атмосферасын сезіну мақсатында осындай қазақүй болып негізделдік.
Ал Бибігүл Жүнісбекова аналар кеңесінің мүшесі. Ақ жаулықты әжелер ауылдағы әр-түрлі шараларға қатысып, негізінен салт-дәстүрімізді дәріптейді. Одан бөлек, өздерінің киіз үйін жалға беріп, туристерге ұлттық тағамдардан дәм таттырады. Түскен пайданың бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды.
Бибігүл Жүнісбекова, ауылдық Аналар кеңесінің мүшесі:
- Былтыр үш балабақшаға барып, керекті дүниелерін, ойыншықтарын, біреуіне музыкалық орталығын апарып бердік. Не сұрайсыздар, не қалайсыздар соны қалтамыздан осы жерден түскен қаражаттан апарып беріп отырдық.
«Алтынемел» ұлттық паркінің аумағын құстардың 200-ден астам, ал, сүтқоректілердің 70 шақты түрі мекендейді. Әсіресе құландардың саны көбейіп 3500 асқан. Туристер жабайы жануарды көз көрім жерден тамашалай алады. Ерекше қорғаудағы аймақ Ақтау, Қатутау, Айқайқұм сынды табиғи ескерткіштерге де толы.
Алтынемел МҰТП аумағында Айқайқұм деп аталатын табиғаттың таңғажайыбы бар. Үлкен және кіші Қалқан тауының дәл ортасында орналасқан мына жотадан құм сырғыған сайын ұшақтың гүріліне ұқсас дыбыс шығады. Айқайқұмның биіктігі 150 метр. Ал ені үш шақырымға жуықтайды. Жер бетіндегі ерекше жаратылысты көруге жылына отандастарымыз бен шетелдіктерді көруге жылына алыс- жақын шетелдерден және отандастарымызды есептегенде 30 мыңға жуық адам келеді.
Кармен Руис, турист:
- Мені қатты таңқалдырды. Өте әдемі, ерекше жаратылыс екен. Меніңше, бұл - аймақ ғарыштағы бір ғаламшар сияқты.
Ғалым Ахметбек, «Алтынемел» МҰТП директорының міндетін атқарушы:
- Жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 2026 жылға 18 мыңнан аса турист келді. Жылдағымен салыстырғанда өзгеріс бар. Адамдардың келуі көп. 18 мыңның 30 пайыздан астамы шетел азаматтары болып тұр.
Ауыл тұрғындары туризмнен табыс табуға бейімделген. Кейінгі кездері елдімекенде саяхаттаушыларды тасымалдау, тамақтану орындарын ашу және қонақүй құрылысы қарқын алған.
Мұхит Несіпбайұлы, Басши ауылдық округінің әкімі:
- Ауыл халқы 2447 адам. Оның ішінде 169 отбасы ұлттық паркте жұмыс істейді. Ауылдың 20-25 пайыз азаматтары туристік салада өздерін қамтып бала-шағасын асырап отыр. Оның ішінде қонақүй, тасымалдау бар, ұлттық тағамдарды дайындау, әжелер бар басқаларымыз бар. Келген туристерге қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп, көрсетіп жатырмыз.
Туристік ауылда мемлекеттік бағдарламамен емдеу мекемесі, спорт кешені салынып, жол төселген. Биыл жаңадан тұрғызылған 20 баспананы ел игіліге беріп, елдімекен ішін жарықтандыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Жетісу облысы #басши ауылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz