Қазақстан аумағында ашылған алғашқы шипажайдың бірі Бершігүр сауықтыру орталығы қаңырап тұр.
Ақтөбе облысының аумағында ХІХ ғасырда іргетасы қаланған тарихи нысан тоқырауға ұшыраған. Талай науқас дертіне шипа тапқан сауықтыру кешенінен бөлек темір жол вокзалы да жабылып қалды.
Мұғалжар тауының саф ауасы мен биенің саумал-қымызы адам ағзасына шипалы екеніне Киев көпесі Николай Глушенконың көзі жеткен. Мұрағаттарда сақталған деректерге сәйкес ХІХ ғасырдың орта тұсында жалғыз ұлының өкпесі қабынып, қазақ даласына ем іздеп келген. Кейін науқастың созылмалы дерттен құлан-таза айыққанын француз дәрігерлері растапты. Бұл жайтқа қуанған көпес Киевтегі мал-мүлкін сатып, 1860 жылы Мұғалжар тауының етегіне шипажай салуға кіріскен. Сол кезден қалған қонақүйлер әлі күнге дейін қаз-қатар тізіліп тұр.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Шипажай ауласында дәл осындай 61 шағын ғимарат бар. Бұл жазғы үйлер. Әрқайсысында 2-3 ем алушыдан тұрған. Аралап жүріп біреуінен құнды жәдігерлерді таптық. Бұл сан жылдар бойы жиналған шипажайдың архиві болса керек. Себебі мынадай естелік альбомдарға дейін сақталған.
Асылхан Күзембаевтың анасы Бершүгір шипажайында қымыз шебері боп еңбек еткен. Ауыл тұрғыны сауықтыру орталығында күні кешеге дейін тіршілік қайнап жататын еді дейді. Өткен ғасырда ем алушылар Кеңес үкіметінің түкпір-түкпірінен арнайы келсе, тәуелсіздік алған жылдары туберкулез дертінің алдын алу, сырқаттан айыққан жандарды сауықтыру жұмыстары кешенді жүріп жатқан. Кейін аталған кеселдің беті қайтып, эпидахуал оңалған соң өңірдің денсаулық сақтау саласына шипажай қажет болмай қалыпты.
Асылхан Күзембаев, ауыл тұрғыны:
- Бала кезімізде осының ішіне келеміз, ойнаймыз. Суретке түсетін едік. Жақсы ем алды жан-жақтан. Бәрі де рақметін айтатын еді. Кішкентай, шағын қала сияқты еді. Библиотека болды, шаштараз болды. Бәрі болды осы арада енді.
Ауласында арамшөп қаулап, сылдырап аққан арналары кеуіп қалған шипажай қазір құлазып тұр. Қараусыз қалған жатын үйлері әбден ескіріп, кейбіреуі қирап жатыр. Ауыл әкімі тарихи нысанды қайта қалыпқа келтіру үшін қыруар қаражат қажет дейді.
Нұрхан Әйтенов, Бершігүр ауылдық округінің әкімі:
- Қайта ашылуға ол жарамсыз деп санаймын. Іштері қирап жатыр, құлап жатыр. Үлкен қаражат керек болады. Қайта ашқанда жаңадан салмаса. Адам болмаған соң 2021-ден бері бес жылда өзінен өзі құлап тұр. Ішіне кіріп қарасаң апатты жағдайда тұрған ғимарат көп өте. Ешкім алғысы да келмейді.
Шипажай маңындағы теміржол вокзалының да есігінде құлып ілулі. Бұл ғимарат ауылдағы тарихи нысанның бірі. Орынбор -Ташкент темір жолы салына бастаған 1904 жылы бой көтерген. Бүгінде тастары көнеріп, қызыл темірден жабылған шатыры шірігенімен сапалы салынған қабырғасы мен іргетасында мін жоқ.
Серік Жұбаназаров, "Бершігүр" теміржол бекетінің басшысы:
- 2016 жылға дейін біздер осында жұмыс істеп келдік. Қазір енді жаңа ғимарат салынды міне екі қабатты. Қазір осындамыз. Күрделі жөндеу жасаса, төбесін істесе әлде де жүз жыл тұрады. Өйткені жарылып, фундаменті құлап жатқан ештеңесі жоқ. Бәрі бүтін болып тұр осы тұрғанда.
Ауыл әкімі вокзал ғимаратының сәулетін сол күйінде сақтап, қайта қалыпқа келтіруге болады дейді. Жапсарлас салынған интернат үйіне де күрделі жөндеу жүргізсе халық игілігіне жарар еді. Шатырын жаңартып, іші-сыртын мұнтаздай етсе, спорт зал ашу ойы бар. Алайда бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жеке инвестор қажет.
Мансұр Есқожин, Айбек Даутов
Тегтер #Қазақстан #шипажай #Ақтөбе облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz