Елдегі құрылтай сайлауы күні Біріккен Араб Әмірліктерінде екі дауыс беру учаскесі ашылады.
Біріншісі Абу Дабиде, екіншісі Дубайда жұмысын бастайды. Өзге елдегі отандастарымыз осы мүмкіндікті пайдаланып, саяси науқанға қатыса алады. Шетелде азаматтық ұстанымын білдіруге ниеттілердің қарасы қалың. Елшілік пен консулдыққа хабарласып, ресми тіркеуге тұрып жатыр.
Құрылтай депатуттарын сайлау күні Араб әмірліктеріндегі Қазақстан елшілігінің есігі айқара ашық болады. Маңызды саяси науқанды асыға күтіп жүргендер дипмиссия ғимараты жанында құрылған арнайы дауыс беру учаскесіне келіп, конституциялық құқығын пайдалана алады. Шығанақ жеріне жұмыс бабымен немесе саяхаттап келген барлық қазақстандық ресми тіркеуде болмаса да оған қатысуға құқылы. Ол үшін жарамды төлқұжат немесе жеке куәлік болуы қажет.
Данияр Раисов, Қазақстан азаматы:
- Дубайда жұмыс істеп жүргеніме 6 жыл уақыт болды. Жұмыс уақытыма қарамастан алдағы болатын 23-і күнгі Құрылтай сайлауына қатысып, ел дамуына атсалысып, өз дауысымды бергім келеді.
Бір ерекшелігі, әмірліктер – Таяу Шығысқа сапарлайтын қазақстандық туристер арасында ең танымал бағыт. Күніне жүздеп, кейде тіпті мыңдап келеді. Уақытша негізде жұмысқа орналасқандары бар. Сол себепті дауыс беру процесі екі жерде ұйымдастырылады. Ел астанасынан бөлек Дубайда тағы бір учаске жұмыс істейді.
Шынар Жұматаева, ҚР БАӘ-дегі Елшілігінің №447 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Қазіргі уақытта Абу Дабидегі Қазақстан Елшілігінің консулдық есебінде 215 азамат, Дубай қаласындағы бас консулдықтың есебінде 150 азаматымыз тіркелген. Алайда өздеріңіз білесіздер, тамыз айы демалыс айларының бірі. Осы орайда әмірліктер аумағында өз демалыстарын өткізіп жатқан отандастырымыз да баршылық. Сол отандастарымызға айтарымыз, 23 тамыз күні таңғы 07:00-ден кешкі 08:00-ге дейін елшілік жанынан ашылатын 447 сайлау учаскесіне, Дубайдағы 438 сайлау учаскесіне келіп, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануға шақырамыз. Құрылтай депутаттарын бірге таңдап, ел болашағына үлес қосайық.
Айта кетейік, Абу Даби мен Дубайдағы қазақстандықтар ел үшін аса қастерлі күндерде бас қосып, мемлекеттік маңызды оқиғалардан тыс қалмайды. Сол дәстүр осы жолы да игі жалғасын табады.
Рауан Мыңбай
Тегтер #құрылтай 2026 #Біріккен Араб Әмірліктері #дауыс беру учаскесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz