RU
Толық нұсқаға өту

Арқалықта дүбірлі той өтті

09.08.2026, 11:20 33

Арқалықтың 70 жылдық мерейтойы облыстық спартакиадамен орайластырылып, ауқыммен атап өтілді. Екі  күнге жалғасқан  спорттық, мәдени іс-шаралар терең мазмұнмен ерекшеленді.

Қатысушылар 22 спорт түрінен сынға түссе, сахна төрінде өнерпаздар мереке көрігін қыздырды.

Арқалықтың қазіргі жағдайы шынымен көз қуантады. Кезінде қаңырап қалған ғимараттар ине-жіптен өткендей жаңа кейіпке енген. Теп-тегіс жолдар, жарқыраған шамдар моноқалада емес, мегаполисте жүргендей әсер қалдырады. Арқалыққа ат ізін салып тұратын осы өңір тумалары да таңқалыстарын жасыра алмады.

Күләш Молдахметова, ардагер журналист:

- Кеше келгенімде өз қаламды танымай қалдым. Көшелер тап-таза. Үйлердің іші-сырты жаңартылған. Өзгерістерді көріп таңқалдым. Расымен Арқалықта жүрмін бе әлде басқа қалада деп. Қала кәдімгідей жақсарып келеді. Өте қуаныштымын.

Айта берсе, Арқалықтың әлеуметтік-экономикалық  ахуалын дамыту бағытында атқарылған шаруа аз емес. Әсіресе көлік логистикалық жүйесі қарқынды дамуда. Жезқазғанға, Есілге дейінгі жол бөлігі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әуежай, Транскаспий бағытына шығатын «Орталық-Батыс» көлік жолының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаланың 70 жылдық мерейтойына заманауи қайта жаңғыртылыған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жаңа вагондардан тұратын «Нұрлы жол - Арқалық» жолаушылар пойызы іске қосылды. Облыс әкімінің сөзімен айтсақ, осының бәрі Арқалықты теріскей мен түстікті, орталық пен батысты байланыстыратын елдің экономикалық және көлік орталығына айналдырады деген сенім бар.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Бүгінгі таңда Арқалық қаласы жаңа серпінмен қайта дамып, екінші тынысы ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен Арқалықты және бүкіл Торғай өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың жүйелі шаралары жүзеге асырылып жатыр. Әрине, қаражатсыз ештеңе істеуге болмайды. Осы 3 жылда шамамен 50 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Қаланың инфрақұрылымын жаңартумен халықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша ауқымды міндеттер белгіленіп, олар жүйелі орындалып келеді.

Арқалықта жалауын көтерген облыстық спартакиадаға өңірдің аудан, қалаларынан 2 мыңнан астам адам қатысты. Олар спорттың 22 түрінен сынға түсті. Қайта жаңғыртылған спорт кешені, ойын, күрес залдары мен ипподром, стадионның жабдықталуы сырттан келгендердің қызығушылығын тудырды. 

Әшім Алтынбек, спартакиадаға қатысушы:

- Спартакиада қарсаңында бірінші рет келіп тұрмын. Өте керемет, қолайлы, ойнауға да барлық жағдай жасалған. Кең көлемде жағдай жасалынғандықтан деп ойлаймын, сол себепті жастар қызығады, айналысады.

Қазір Арқалықта «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жабық хоккей кортының құрылысы жүріп жатыр. Екі күнге жалғасқан 70 жылдық мерейтойлық шаралар мен облыстық спартакиада эстрада жұлдыздарының гала концертімен және от шашумен түйінделді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz