RU
Толық нұсқаға өту

Атырау вокзалы жөнделіп жатыр

09.08.2026, 15:30 40

Қазан айында Атырау қаласындағы орталық вокзалдағы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Жоба бойынша  вокзал ғимаратымен бірге екі жолаушылар платформасы толық жаңарады.

Қазір перрондар бетондалып, іші әрленіп жатыр. Сондай-ақ қосымша жапсаржай салып, вокзалдың тәуліктік өткізу қабілетін 500-ден 3000 жолаушыға дейін арттыру көзделген.

Атырау вокзалын жаңғырту жобасы былтырғы жылдың қазан айында қолға алынған еді. Алайда, демонтаж жұмыстары уақыт алып, құрылыс тек сәуір айында басталды. Қазір кестеден кешікпеуге тырысқан құрылысшылар 2 ауысымда жұмыс істеуде. Негізгі жұмыстың 55 пайызы еңсерілген. Атап айтқанда, жапсаржай құрылысы аяқталып, жылу, жарық жүйелері толықтай ауыстырылды. Жаңғыртылған ғимаратта жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған.

Қуаныш Нұрғалиев, мердігер мекеменің өкілі:

- Жаңа ғимарат арқылы бізде 2-ші, 3-ші путьке шығуға болады,  соған жағдай қарастырылған. 3 лифт пен 2 эскалатор болады. Және де 460 метр жабық перрон құрастырылады. Екі жағына жедел жәрдемге арналған 2 пандус болады.

Вокзал құрылысында 150 маман екі ауысымда жұмыс атқарып жатыр. Себебі жаңарған ғимарат осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Данияр Ғарифулла, облыстық Жолуашылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Атырау теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін жолаушылар ағыны 500 адамнан 3 мың адамға дейін ұлғаятын болады. Және де бүкіл қауіпсіздік шаралары ішінде қарастырылған. Мүгедектігі бар жандарға көптеген жағдайлар қарастырылған.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Атырау облысы арқылы тәулігіне 6 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Күре жолдың бойында 16 теміржол стансасы орналасқан. Олар  ел Үкіметінің қолдауымен қолға алынған «Өңірдің инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы» аясында   кезең-кезеңімен жаңартыла бастады.

Атырау облысы бойынша 9 стансада теміржол вокзалдарының құрылысы басталған болатын. Оның 5-уі толықтай аяқталды. Ал 6-шы облыс орталығындағы вокзалдың құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталады,- дейді мамандар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz