Қонаев қаласының іргесіндегі Шеңгелді ауылында елдегі саяси науқандарға қатысуды "азаматтық парызым" деп есептейтін отбасылар аз емес.
Солардың бірі Еркінбай әулеті. Бұл отбасындағы дауыс берушілердің алды сексеннің сеңгіріне шықса, ең жасы Аяулым Ақжолтай 18-ге енді толды. Ол Құрылтай сайлауында алғаш рет дауыс береді.
Шеңгелді ауылының халқына Еркінбай ата әулеті өте еңбекқор отбасы ретінде жақсы таныс. Еңбек жолын қатардағы қарапайым жұмысшы ретінде бастаған қария зайыбы Тұраш Жетпісбаева екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Олар негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Немерелерінің алды ертең кәмелет жасына толады. «Біз бұған дейін өткен бірде бір сайлаудан қалған емеспіз. Алдағы саяси науқанда да отбасымызбен сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымызды жасаймыз», – дейді Тұраш апа.
Тұраш Жетпісбаева, Шеңгелді ауылының тұрғыны:
- Ешқандай шарадан қалмайтынбыз. Уақытында барып, дауыс беріп тұрамын. Қазақстанның азаматы болғаннан кейін енді шетінен немерелер қосылып жатыр, биылғы жылы мына Аяш қызым бірінші рет тапсырады сайлауды.
Аяулым Ақжолтай, Шеңгелді ауылының тұрғыны:
- Мен ертең 18 жасқа толамын. Бұл менің ең алғашқы сайлауым, сайлауға қатысайын деп отырмын. Бұл менің азаматтық жауапкершілігімді сезінетін маңызды қадам деп ойлаймын және де өз таңдауымды жасап, ел болашағына үлесімді қосатыныма қуаныштымын.
Шеңгелді ауылдық №956 сайлау учаскесі бойынша 2 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген. Қазір онда тізім нақтыланып, тұрғындарға шақырту қағазы жолдануда. Бұл жұмыстың сапалы атқарылуын облыстық аумақтық сайлау комиссиясы қадағалайды.
Перизат Нұрқалымова, №956 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Біздің Шеңгелді ауылының тұрғындары өте белсенді, бәрі қатынайды. Бізде екі әскери қалашық бар, олар да бізге келеді және де бүкіл ауыл боп бізде жақсы жұмыс атқарып, әр сайлау болсын, референдум болсын белсенді қатысып, келіп, өз дауыстарын беріп кетеді.
Алматы облысы бойынша жалпы саны 1 млн 42 мың азамат дауыс беру құқығына ие. Құрылтай депутаттары сайлауын ұйымдастыруға 683 учаске жұмылдырылады. 3 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары өздерінің тікелей жұмысына кірісті.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай, Аманжол Жөңкеш
Тегтер #саяси мәдениет #24KZ #құрылтай 2026 #Таңдаулы #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz