RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетауда 75 жастағы құрылысшы мамандарды кәсіпке баулып жүр

09.08.2026, 19:00 31

Ақмола облысында 75 жастағы құрылысшы әлі күнге дейін жұмыстан қол үзбей, жас мамандарды кәсіпке баулиды.

Еңбек ардагерінің балалары мен немерелері де құрылысшы болып қызмет етеді. Қазір әулеттің жеті адамы осы салада тер төгіп жүр.

Талас Қажыкенов құрылыс саласына 35 жылын арнаған. Қарапайым тас қалаушыдан бастап бригада жетекшісі болды. Өңірде салынған жүздеген үйде қолтаңбасы қалды. Әлдеқашан зейнет жасына жетсе де сүйікті кәсібінен ажыраған емес.

Талас Қажыкенов, құрылысшы:

- Осында мен таңертең 7-де келемін. 9-да жұмыс басталады. 7-ден 20 минут кеткенде мен осының басында жүремін. Ең соңынан кетемін. Істеген ісің абыройлы болса, өзіңе де мәртебе ғой. Істеп жүрміз ақырындап. Бар білгенімді үйретемін жастарға. Жастар сыйлайды. Қатты сөз айтпаймын жастарға. Ақылмен ғана жұмыс жүргіземін.

Құрылыс саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен ұзақ жылғы адал еңбегі үшін Талас Қажыкенов «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталған. 600-ге жуық тас қалаушыны тәрбиелеп, ұлдарына да құрылыстың қыр-сырын үйреткен.

Архат Қажыкенов, Т. Қажыкеновтің ұлы:

- Бала кезімнен жүргем әкемнің соңынан. Құрылысқа қызығып. Есейе келе мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсіп, оқудың жазғы каникулында Астанаға барып, құрылысты көріп, әкемнің қасында, міне биыл 26 жыл болды құрылыстың маңайында жүргенімізге. Балам да міне оқуын бітіргесін проектировщик болғысы келеді.

Ержан Шәмелов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Талас аға, ол кісі көп жылдан бері жұмыс істейді. Ол кісімен қазір балалары да жұмыс істеп жатыр, немересі жұмыс істеп жатыр. Ол кісінің қалада салған үйлерінің санауы жоқ. Көп үй салынды сол кісінің арқасында. Жастарға үлгі болып жатыр.

Ақмола облысында тұрғын үй құрылысының аяқалысы жаман емес. Соңғы үш жылда 22 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның 6 мыңға жуығы әлеуметтік осал топтағыларға табысталған.

Азамат Байқуанышев, құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Облыс орталығында жыл сайын шамамен 270 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту және реновация бағдарламалары жүзеге асып жатыр. Соңғы үш жылда 100-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 20-дан астам мектеп бар. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам нысан іске қосылды. 

Биыл Ақмола облысында тағы 6 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілмек. Оның 1200-ден астамын үй кезегінде тұрғандар алады. Бұған қоса жыл соңына дейін тағы 20 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталады.

Асланбек Шығыр, Арайлым Шытырымбек, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz