RU
Толық нұсқаға өту

Түрік қоғамы Абайды тани ма?

10.08.2026, 08:15 42

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» Абайдың ұлылығы – өлең-сөзі қанша уақыт өтсе де, заманмен үндесіп тұрады. Өміршеңдігі де сондықтан. Қазақты айтып отырып, мұқым дүние жайлы ой қоғайды. 

Хәкімнің шығармалары бүгінде түркі жұртына ортақ рухани мұра. Анадолы елінің де қазақтың бас ақынына құрметі бөлек. Қос бірдей көше беріп, ескерткіштерін орнатқан. 

Десе де, Абайды бүгінгі түрік қоғамы тани ма? Оның шығармашылығы қалай насихатталып жатыр? 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Анкарада хәкім Абайдың есімі берілген екі көше бар. Қазақтың ұлы ақынының аты алғаш рет осыдан 20 жыл бұрын қала орталығындағы көшелердің біріне берілген. Ал 2020 жылы ұлы тұлғаның туғанына 175 жыл толуына орай шаһардың шеткі ауданындағы тағы бір көше Абай есімімен аталды. Бұл – екі ел арасындағы тарихи-мәдени және рухани байланыстың бір көрінісі. Біз қазір қаланың орталығындағы Абай есімі берліген көшенің бойында тұрмыз. Мұнда байқап тұрғандарыңыздай, ұлы ақынның аты көшенің әр қиылысындағы белгілерде жазылған. Ал осы көшемен күн сайын жүздеген адам жүріп өтеді. Сол тұрғындар Абайды қаншалықты таниды? Түрік қоғамы қазақтың ұлы ақыны туралы не біледі? Мұны өздерінен сұрап көрейік.

БЛИЦ:

- Кешіріңіз, осы көшеге есімі берілген Абай Құнанбайұлын танисыз ба? Ол туралы не білесіз?

- Иә, танимын. Ол қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, ақын әрі ойшыл. Мен осы көшеде тұрамын. Білетінім осы.

- Түркі халықтарына ортақ ойшыл. Шын есімі Ибраһим екенін білемін. Бауырлас елдің зиялысы. Бұл көшеде бұрыннан тұрамын. Абай есімі берілгеніне 20 жылдай болды.

- Білмейді екенмін. Сіз білесіз бе?

-  Иә, қазақтың ұлы ақыны.

-  Абай Құнанбайдың мұрасы мен шығармашылығы жайында білмеймін. Бірақ күнде осы көшенің бойымен жүретіндіктен қазақ ақыны екенін есімде сақтап қалдым. Бұл – қаладағы ең қарбалас көшелердің бірі, күніне шамамен 1 млн-дай адам осы жерден өтеді.

Әсия Нұрлыбаева, тілші

- Біз бір жарым шақырымға созылған Абай көшесінің бойымен жаяу жүріп өттік. Бұл – халық ең көп жүретін, қозғалысы қарқынды көшелердің бірі. Көшенің бойында медициналық орталықтар, мектеп, аурухана, кафе мен мейрамханалар орналасқан. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, түрік қоғамы Абай есімін білгенімен, оның шығармашылығы мен рухани мұрасымен терең таныс емес.

Дегенмен мамандар кейінгі жылдары Анадолыда Абай мұрасына қызығушылықтың артқанын айтады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Түркияда ақынды ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары қарқын алды. Жоғары сынып оқулықтарына Абай туралы мәліметтер енгізіліп, университеттерде оның шығармашылығы арнайы оқытыла бастады. Шығармалары түрік тіліне аударылып, абайтану бағытында ғылыми қор қалыптасты.

Абдуллах Гүндоғду, Анкара университетінің профессоры, тарихшы:

- Түрік қоғамы Абайды есімі арқылы жаппай танымауы мүмкін. Бірақ Абайдың философиясы түріктердің ауыз әдебиеті мен рухани дүниесіне өте жақын. Оның мұрасын насихаттау бағытында Түркияда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Университеттерде түркі тілдері мен әдебиеті бөлімдерінде Абай шығармашылығы тереңдетіп оқытылады. Оның философиясы мен әдеби мұрасы туралы көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Сонымен қатар Ыстамбұл, Анкара және басқа қалаларда Абайдың атына ескерткіштер мен мемориалдық нысандар ашылды. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені Абай секілді тұлғалар түркі халықтарының рухани бірлігін нығайтады.

Иә, Түркияда Абай мұрасы түркі халықтарына ортақ рухани құндылық ретінде дәріптеліп келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бауырлас екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тереңдей түскенін аңғартады. Ал ұлы ойшылдың шығармашылығы мен философиясын зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғаса бермек.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz