Жетісу облысының шаруалары биыл 9 мың 400 гектардан астам жерге су үнемдеу технологиясын енгізді.
Тіршілік нәрін тиімді пайдалана бастағандардың қатарында Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының диқандары да бар. Олар Қызылағаш су қоймасынан тартылған желіге полиэтилен құбыр жалғап, суармалы суды бірден егіс басындағы арыққа жіберіп жатыр.
Қанат Саниязов басқаратын серіктестік бұрын 800 гектар жер игеретін. Дискриттік суару жүйесін енгізгелі ол егістік алқап көлемін 400 гектарға ұлғайтып, жүгерінің 14 түрін екті. Ерте, орташа және кеш пісетен дақылды өсіру арқылы шаруа техникаларын тиімді пайдаланып, тіршілік нәрін де үнемдейді.
Қанат Саниязов, серіктестіктің басқарушы директоры:
- 1200 гектарға 600 гектардың суын алып отырмыз. Себебі дискриттік полив арқылы су үнемдеу технологиясын жасадық. Бір тамшы су сыртқа кетіп жатқан жоқ. Былтырлары шамасы 6 тонна 6 тонна алсақ, биылғы жылға жоспарымыз 10 тоннадан кем емес деген ойдамыз. Себебі күндіз-түні бақылау. Бұйырса, тамыздың жиырмасынан бастап комбайнды кіргізе бастаймыз.
Қызылағаш алқабындағы өзге де шаруалардың суды арықпен емес жерасты құбырынан алуы үшін қазір арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Екі жыл бойы жүргізілген құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 85 шақырым су жүйесі тартылды.
Ринат Разбаев «ҚазСушар» РМК Жетісу филиалының бас инженері:
- Бүгінгі таңда жобаны сынақ ретінде іске қосып су бере бастадық. Құбыр арқылы қазір 3500 гектар алқап суарылып жатыр. Қосымша гидранттарды орнатқан соң, Қызылағаш алқабында 4592 гектар жер осы жүйе арқылы суарылатын болады.
Ақсу ауданындағы 40 шақты шаруашылық су үнемдеу технологиясын қолданады. Мұндай озық тәжірбие суармалы алқап көлемінің ұлғаюына ықпал еткен
Әсет Серікболов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:
- 2025 жылы 325 гектар жер жайылым және тәлімді жерден суармалы жерге ауыстырылды. 2026 жылы бүгінгі күнге 827 гектар жер суармалы егістікке ауыстырылды. Жалпы аудан бойынша 3600 гектар жер су үнемдеу технологиясын қолдануда.
Жетісу облысында тіршілік нәрін үнемдеуге көшкен шаруалардың қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр аймақтағы 33 мың гектар жер тамшылату және жаңбырлату әдісімен игерілсе, биыл оның көлемі 43 мың гектарға жеткізілді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #диқандар #суару #су үнемдеу технологиясы #егіс
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz