RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

WhatsApp аккаунтын алаяқтардан қалай қорғауға болады

10.08.2026, 11:45 35

Ішкі істер министрлігі WhatsApp аккаунттарына рұқсатсыз қол жеткізу жағдайлары жиілегенін ескертіп, мессенджердегі жеке деректерді қорғау бойынша кеңестер берді, деп хабарлайды 24KZ.

ІІМ мамандары аккаунт қауіпсіздігін күшейту үшін ең алдымен екі сатылы тексеруді қосуды ұсынады.

Екі сатылы тексеруді қалай қосуға болады?

WhatsApp қосымшасын ашып:

  • «Баптаулар» бөліміне кіріңіз;
  • «Аккаунт» тармағын таңдаңыз;
  • «Екі сатылы тексеру» бөліміне өтіңіз;
  • «Қосу» батырмасын басыңыз;
  • алты таңбалы PIN-код орнатыңыз;
  • қажет болған жағдайда аккаунтты қалпына келтіру үшін электрондық поштаңызды енгізіңіз.

PIN-кодты ешкімге айтпаңыз.

Аккаунтыңызға кім кіргенін қалай тексеруге болады?

WhatsApp-та аккаунтқа қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеріп отырған жөн.

Ол үшін: Мәзір - «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне кіріңіз. Осы жерден аккаунтқа қосылған құрылғылардың тізімін көруге болады. Егер тізімде өзіңізге белгісіз құрылғы болса, оны таңдап, «Шығу» пәрменін басыңыз.

Аккаунт бұзылғанын қалай білуге болады?

ІІМ мәліметінше, аккаунтқа бөгде адамның кіргенін мына белгілерден байқауға болады:

  • белгісіз құрылғылардың қосылуы;
  • сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі;
  • таныстарыңызға сіздің атыңыздан күмәнді хабарламалардың таралуы;
  • өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі;
  • WhatsApp аккаунтынан себепсіз шығып қалу.

Алаяқтардан қалай сақтануға болады?

Растау кодтарын ешкімге бермеңіз. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерді ашпаңыз және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпаңыз.

Егер WhatsApp аккаунтында рұқсатсыз белсенділік байқалса, «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық күмәнді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгерту қажет.

Сонымен қатар телефон мен компьютерді зиянды бағдарламаларға тексеріп, аккаунттың бұзылуы мүмкін екені туралы байланыстағы адамдарға ескерткен жөн.

Танысыңыз ақша сұраса, не істеу керек?

ІІМ азаматтарға тағы бір маңызды ескерту жасады. Егер танысыңыздан шұғыл түрде ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, бірден ақша жібермеңіз.

Алдымен оған телефон арқылы немесе басқа байланыс құралы арқылы хабарласып, хабарламаны шынымен сол адамның өзі жібергеніне көз жеткізіңіз.

Аккаунт бұзылған жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгініп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау ұсынылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz