Солтүстік Қазақстан облысында ауылдағы орта және шағын бизнесті дамытуға 3,7 млрд теңге жұмсалады. Қаржы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында бөлінеді.
Қазір мамандар өтінімдерді қабылдап, үздік жобаларды сұрыптап жатыр.
Бескөл ауылының тұрғыны Болат Шәкірбаев ұзақ жылдар бойы жүргізуші болып жұмыс істеді. Биыл «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге несие алып, ротанг материалынан жиһаз жасай бастады. Бұл Солтүстік Қазақстан облысында сирек кездесетін өндіріс.
Болат Шәкірбаев, кәсіпкер:
- Өте ыңғайлы. Аз пайыз. 6 ай сайын ғана төлеймін. Несиені алғаннан кейін Шымкентке барып, осыны қалай тоқу керек, қалай жасау керек, соның бәрін бір екі аптадай сол жақта болып, оқып келдім. Сосын сол жақтан керек заттардың бәрін алып, осы жақтан бастадым.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша бизнес жобаларды қолдауға 3,7 млрд теңге бөлінді. Мамандар осы күнге дейін тұрғындардан 200-ден аса өтінім қабылдады. Бірақ кейбір бизнес түрлеріне шектеу қойылған.
Олеся Жуковень, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы:
- Жаңа тәртіпке байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ғимараттарды, туыстардан мал сатып алуға және көтерме-бөлшектеп сатуға ақша бөлінбейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге 8 мың айлық есептік көрсеткіші көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбінесе өсімдік және мал шаруашылығы, қайта өңдеу, бал өсіру, туризм және қызмет көрсету салаларына қаржы алады. Бұл елді мекендерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Ауыл аманаты #орта және шағын бизнес #кәсіпкер #бизнес жобаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz