RU
Толық нұсқаға өту

Ұлы Абайдың туғанына 181 жыл

10.08.2026, 17:00 46

Өскеменде Ұлы Абайдың қарасөзі мен өлеңдері оқылып, шығармашылығы насихатталып жатыр. Ақынның туған күніне орай оның ескерткішіне гүл шоғы қойылып, рухына тағзым етілді.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ойшылдың  баға жетпес мұрасы үлкенге де, кішіге де бағыт берер темірқазық екеніне тоқталды. Жиын барысында өнерпаздар Абай әндерін шырқап, шаһар аспаны әсем әуезбен көмкерілді.

Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл. Саналы ғұмырында білім мен ғылымның күшін насихаттаудан жалықпаған ақынның шығармашылығы әлі де өміршең. Жыл өткен сайын Абай еңбектерінің құндылығы артып келеді. Себебі онда тағылым да, тәрбие де, адамның ішкі жан дүниесі де тоғысқан. Демек, данышпанның ой-парқын саралаған адамға рухани қазынаның кілті ашылады. 

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:

- Шын мәнінде тек сөзбен, әдебиетпен танып қою бұл аздық етеді. Абайға біз нағыз адам болу үшін, іштей тазару үшін жетуіміз керек. Лайым Абайдың асқақ рухы бізді қолдап ұлы мақсаттарға жетелей берсін.

Жиналғандар ақын рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қойды. Ойшылдың өміршең туындысынан жас та кәрі де өзіне қажеттісін табады. Тек, қайталап оқудан жалықпау керек,- дейді шараға қатысушылар.

Сләмбек Оразалин, Филология ғылымдарының кандидаты:

- Барлығы оқыған дұрыс қой. Мен Абай жолын 3-4 рет оқып шықтым. Қайта-қайта оқыған сайын жаңа бір нәрселерді тауып аламыз.Өйткені оның ішінде бір қарағанда көзге көріне бермейтін, түсінбейтін терең- терең идеялар бар.

Мал үшін емес,ар үшін өмір сүруге  үндеген ағартушының ұстанымы бүгінгі жастар үшін де маңызды.

Оксана Черткова-Черкасова, қала тұрғыны:

- Абай шығармалары көбінесе білімді үйренуге, еңбекқор болуға, жаманан алшақ болып, тек қана жақсыға ұмтылу. Соны шығармаларынан көруге болады.

Абай күніне арналған шаралар мұнымен шектелмек емес. Өңірлерде әдеби-танымдық кештер өткізіліп, жалпы 500-ден аса шара ұйымдастырылуда.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz