RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Абай күніне орай ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

10.08.2026, 20:10 30

Бүгін - Абай күні. 10 тамыз - ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл ұлы ақынның туғанына 181 жыл толды.

Осыған орай алматылықтар Абай ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Қалада ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Елімізде Абай күні 2020 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. Бұл атаулы күн ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми мерекелік күнтізбеге енгізілді. Алматылықтар бұған дейін де Абайдың туған күнін елеусіз қалдырған емес. Ел бойынша ақынға арналған алғашқы ескерткіш 1960 жылы дәл осы Алматыда бой көтерген. Содан бері Алатау баурайындағы әсем қаланың ең көрікті орындарының бірінен саналады. Қазір мәдени шаралардың дені осы Абай алаңында өтеді. Бұл жолы да зиялы қауым өкілдері бастаған көпшілік осы жерден табылды.

Нұрлан Оразалин, ақын, драматург:

- Бұл өзіңді өзің тануға, өзіңді өзің бағалауға халық алдындағы үлкен міндеттеріңді орындауға бағыттайтын құдіретті, қуатты қазақ ойы мен сөзінің құдіретті қағбасы дүниеге келген күн. Абайдың күні құтты болсын!

Абайды оқы, жалықпа! Абайға құрмет – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне құрмет. Көпшіліктің пікірі осындай. Абайдың «толық адам» туралы айтқан философиялық ойлары ғасырдан астам уақыт өтсе де маңызын жоғалтқан жоқ. Абай күні - халқымызды білімге, ізденіске, адал еңбекке үндейді. Ғылым қууға және озық ойлы болуға шақырады.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

- Жақсы пейіл, жақсы ой, жақсы ниет. Міне, үш дүние Хәкімнің өміріндегі ең негізгі ойларының кілті деп білемін. Әр қазақтың үйінде Абайдың айтар ойлары, Абайдың өлеңдері, Абайдың қара сөздері жатталып қана қоймай, өмір сүру салтымызға айналса екен.

«Абай әлемі» музыкалық кеші де алматылықтарды бей жай қалдырған жоқ. 20 мыңнан аса адам Мақпал Жүнісовамен бірге «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындады. Абай күніне арналған іс-шаралар реті кітапханалар мен музейлерде, мәдени алаңдарда жалғасын тапты. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған. Ғұламаның өзі айтып кеткендей мұрасы біз үшін таусылмас қазына. Қадірі барған сайын арта береді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz