Алматыда университеттер арасында шахматтан командалық әлем чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы қола жүлде иеленді.
Үшінші орын үшін өткен бәсекеде қазақстандықтар АҚШ-тың Техас университетінің командасымен кездесті. Негізгі матчтарда тараптар бір-бірден жеңіске жетіп, есеп 2:2 болды. Тай-брейкте де командалар тең түсті. Қола жүлденің тағдырын «армагеддон» шешті. Шешуші партияда қазақстандық команданың капитаны, гроссмейстер Қазыбек Нөгербек америкалық қарсыласын ұтып, өз университетіне үшінші орын алып берді. Ал чемпионаттың алтын жүлдесін Ресейдің Урал командасы ұтып алды. Екінші орынға АҚШ-тың Сент-Луис университетінің студенттері жайғасты. ФИДЕ-нің Университеттер арасындағы шахматтан командалық Әлем чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылды. Алматыдағы финалдық кезеңге 16 команда қатысты.
Қазыбек Нөгербек, гроссмейстер:
- Әрине, ойын өте қиын болды. Біріншіден, біз матчта жеңіліп отырғанбыз. Бірақ біздің команда соңына дейін күресті. Біздің ойыншы Арыстан Исанжолов қарамен екі ойынды ұтты. Ол өте қиын, өйткені қарсыластар гроссмейстер болды. Егер Арыстан мысалы, қарамен тең ойнаса, біз бүгін ұтпайтын едік. Барлық ойыншылар өз үлесін қосты.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #шахмат #студенттерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz