RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда мәрмәр қой етін өндіру технологиясы жасалды

11.08.2026, 10:36 46

Қазақстандық ғалымдар қазақтың биязы жүнді қой тұқымы негізінде мәрмәр қой етін өндірудің кешенді технологиясын әзірледі, деп хабарлайды 24KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа технологияны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ құрамындағы «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары әзірлеген.

Жаңа әдіс тұтынушылық қасиеті жоғары, сапалы әрі экспорттық әлеуеті бар қозы етін өндіруге мүмкіндік береді.

Әдіс қозыларды қарқынды өсіру және бордақылаудың ғылыми негізделген жүйесін қамтиды. Ғалымдар дәнді және ақуызды компоненттер, пробиотиктер, өсімдік тектес қоспалар, премикстер мен минералды заттардан тұратын теңгерімді құрамажем де әзірлеген.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мұндай азықтандыру жүйесі малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын арттырып, зат алмасу үдерістерінің тұрақты жүруін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұлшықет ішіндегі майдың біркелкі жиналуына ықпал етеді.

 

Зерттеу нәтижесінде қазақтың биязы жүнді қой тұқымының генетикалық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік туды. Қозы етіндегі бұлшықет ішіндегі майдың мөлшері 4–6%-ға жетті. Ал дәстүрлі жайылымдық жағдайда өсірілген малда бұл көрсеткіш шамамен 2–3%-ды құрайды. Бұл еттің мәрмәрлілігін арттырып, оның шырындылығы мен жұмсақтығын жақсартып, дәмін қанықтыра түсті, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

 

Сонымен қатар жаңа технологияны қолдану малдың сойыс көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, ең құнды ет бөліктерінің шығымы артып, бұлшықет пен май ұлпаларының арақатынасы оңтайланған.

Мамандардың айтуынша, нәтижесінде өнімнің тауарлық құндылығы артып, оны сыртқы нарықтарға шығаруға мүмкіндік кеңейеді.

Алынған мәрмәр қой еті экспортқа шығарылатын өнімдерге қойылатын сапа мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Технологияны жоғары сапалы ет өндіруге бағытталған отандық қой шаруашылығы кәсіпорындарына енгізуге болады.

Әзірлеменің ғылыми маңыздылығы пайдалы модельге берілген екі патентпен расталған. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда да жарияланған.

Жаңа технологияны өндіріске енгізу етті қой шаруашылығын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz