Қазақстанға келу үшін электронды кіру рұқсаты талап етілуі мүмкін. Шетелдіктерге жаңа міндет жүктелгелі жатыр. Құжат әлі қабылданбады. QazETA деп аталатын жаңа ереже туристерді тежей ме, әлде туризмді түлете ме?
72 сағат бұрын тіркелу тетігі не үшін қажет болды? Сұрақ көп. Сарапшылар да түрліше салмақтап отыр.
Енді Қазақстанға өтуге өтінім талап етілуі мүмкін. Визасыз тәртіп енгізілген елдерден келетіндер де алдын ала келіседі. 72 сағат бұрын сайтқа тіркеліп, электронды кіру рұқсатын алуы тиіс. Жарамдылық мерзімі – 180 күн. Бұл шетелдіктердің құқын шектемейді, тек ішкі көші-қон бақылауын күшейтеді. Құжат әлі талқыда. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жатыр.
Еркін Тікенов, Индустрия және туризм саласының сарапшысы:
- Бірақ құжатпен бәрі бірдей таныса алмайды. Тек сұраныс жіберу арқылы ғана алуға болады. Яғни, осы бастама түсініксіз әрі тұманды. Мемлекет үшін тиімді деп көрсетілгенімен, бизнес пен турзим үшін күмәнді. Себебі ЭЦП кілті жоқтар, шетелдіктер бұдан бейхабар. Тіпті менің ойымша, халықтың 90 пайыздан астамы да бұл өзгерісті білмеуі мүмкін. Егер сіз шетелден қонақ, туыс немесе серіктесіңізді шақырсаңыз, тәуекелдерге тап боласыз. Артық шығын, тағы басқа.
QazETA атты жаңа ереже биыл тамыздан желтоқсанға дейін шетел азаматтарына кезең-кезеңмен енгізіледі. Әуелі сынақ мерзімінде ұсыныс ретінде, кейін міндеттеледі. Бұған ұқсас талаптар Еуродақта да, АҚШ-та да бар. Бірақ айырмашылық жер мен көктей. Сала сарапшысы: «Турист тарту орнына тұсау салып отырмыз ба?», - деп алаңдайды.
Еркін Тікенов, Индустрия және туризм саласының сарапшысы:
- Біздің жағдайда, Қазақстанға ұзын-сонар кезек тұр дей алмаймын. Егер осындай тосқауыл болса, адамдардың көп бөлігі одан өтуді ойламайды. Жоспарын өзгерте салады. Тіпті Қазақстан арқылы үшінші елге сапарлаушылар да бағытын бұруы ғажап емес.
Айтпақшы, электронды кіру рұқсатын алу ақылы. Түскен қаржы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, пайдаланушылардың дербес деректерін қорғауға жұмсалады делінген. Ал егер турист QazETA-ны ала алмаса немесе жүйе тіркемесе брондалған қонақүй мен турдың шығынын кім өтейді? Тағы састыратыны – 72 сағат. Тағат таппай, табанасты Қазақстанға баруды ұйғарғандар қайтпек? Райынан қайта ма, әлде ретін таба ма? Электронды кіру рұқсаты бойынша сауал көп. Саясаттанушы: «Көш жүре түзеледі, төзім керек»,-дейді.
Нұрлан Жұмахан, саясаттанушы:
- Дамыған елдердің, экономикасы жақсы, қауіпсіз аймақта отырған елдердің өзінде бұндай мәселе қабылданған. Сондықтан тек қауіпсіздікке байлап қоюға болмайды. Сондай-ақ инвестиция тарту, азаматтардың елге келіп-кетуін жеңілдету мақсатында да жасалып отырғанын түсіну керек. Осы жүйе арқылы туристік мүмкіншіліктерімізді, жақсы жерлерімізді, экономикалық белсенді адамдарға қай салаға қосымша қаржы құю деректерін ұсынып, экономикамызды дамытуға, туризм саласын дамытуға мүмкіндік болады деп есептеймін.
Бірақ электронды рұқсат елге кіруге кепілдік бермейді. Түйткілдің бәрі тексеріліп, түпкілікті шешім шекаралық бақылауда қабылданады. Аталған талаптан босатылатын топтар да бар. Дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, ресми делегация мүшелерінен өтінім керек емес. Өзгелері өзгерісті құп көре ме, жоқ па құзырлы органдардың құжатқа ден қоюына байланысты.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мерей Талап
Тегтер #құжат #QazETA #ереже #турист #визаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz