Ұлы ойшылдың мол мұрасы насихатталған рухани кештің ең ауқымдысы Талдықорғанда ұйымдастырылды. «Абай даналықтың дара шыңы» атты ашық аспан астындағы өнер кешінде хәкімнің жырлары жатқа айтылып, әсем әндері шырқалды.
Талдықорғандағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші 2023 жылы орнатылды. Монумент алдындағы мәдени шара облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған зиялы қауым өкілдерінің ұлы ақынның рухына тағзым етуінен басталды.
Абай күнін атап өтуге ересектер мен қатар «Мизам» көшпелі әдеби мектебінің оқушылары да атсалысты. Ұлы ойшылдың өлеңдерін жатқа айтқан жасөспірімдердің өнері көпшілікке ерекше әсер етті.
Жанат Санатұлы, қала тұрғыны:
- Бала кезімізден Абай өлеңдерін жаттап өстік. Қай жаста болсақ та, Абай өлеңдерін оқысақ, қайтадан басқаша түсінуге тырысамыз. Солай қабылдаймыз. Абай мәңгілік қой.
Қала тұрғындары үшін театрландырылған қойылым да ұсынылды. Бала Абай мен дана Абайдың кездесуі бейнелеген әсерлі көрініс те көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Сағындық Жұмәділ, Б.Римова атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі:
- Әлемдік тұлға. Абай мен үшін бағдаршам. Мысалы, ол кісінің жазған өлеңінен мен өзіме өмірлік нәр алам. Мен жастарға айтар едім, Абайды оқыңдар. Абайды оқу керек.
Танымдық кеште ақындар арасында өткізілген жыр мүшәйрасының жеңімпаздары Абай Құнанбайұлына арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Мұндай мәдени шаралар облыстың аудан-қалаларында да өткізілді.
Қуаныш Сұлтанұлы, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Облысымыздағы аудандық ауылдық кітапханалардың барлығы Абай күніне арналған рухани-танымдық әдеби кештер ұйымдастырып жатыр. Түнгі 12-ге дейін біздің кітапханалар ашық. Кітапханалар ашық дегеніміз, бүгінгі күніміз таза Абай Құнанбаевқа арналған күн болып отыр.
Танымдық кеш барысында Жетісудың жезтаңдай әншілері ақынның сырлы да сазды әндерін әуелете шырқады. Өнер мен руханият тоғысқан шара көпшілікке тағылымды ой салып, Абай мұрасына деген құрметін арттыра түсті.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #абай күні #жыр #монумент #ақынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz