Жастар мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруда белсене атсалысып келеді.
Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясының өзінде ғана 7 мыңға жуық шара қолға алынып, онда 1 миллионнан астам жас бой көрсеткен. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында осылай деп мәлімдеді. Министрлік өкілінің сөзінше, қазір елімізде жүздеген жастар ұйымы мен 300 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» бастамаларын негізге алып, ұлттық құндылықтарды ілгерілетуде және жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде жүйелі еңбек етіп келеді. Кәсіптен нәсіп табуға ұмытылғандар да аз емес. 200 мыңға тарта азамат кәсіпкерліктің қыр-сырына үңілсе, 22 мыңнан астамы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз ісін ашып үлгерген. Өскелең буынның әл-ауқатын арттырып, шығармашылық қабілетін шыңдауға да айрықша көңіл бөлініп отыр.
Евгений Кочетов, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:
"Бүгінде Қазақстанда шамамен 6 млн-ға жуық жас азамат тұрады. Бұл еліміздің әрбір үшінші азаматы деген сөз. Қоғамдық кеңестердегі жастардың өкілдігі кеңейіп келеді. Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес және өңірлік жастар кеңестері жұмыс істейді. ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңес мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында елеулі нәтижелерге қол жеткізді".
Тегтер #президент #жастар #қолдау #24KZ #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz