Өскеменде ағаштарды санитарлық мақсатта кесу жұмыстары қатаң бақыланады. Қазір облыс орталығының дендрологиялық жоспары әзірленіп, шаһардағы жасыл желектің нақты саны анықталып жатыр.
Жуырда Өскеменде болған дауыл жүздеген ағашты құлатып, бірнеше жол уақытша жабылды. Электр желілері де зақымданды. Биологтардың айтуынша, көптен күтім көрмеген кәрі ағаштар қурап, екпінді желге төтеп бере алмаған. Қазірдің өзінде ғасыр жасаған теректер бағдаршамдар мен көше шамдарын көлегейлеп тұр.
Сергей Коваленко, ПБ Жол-техникалық инспекция бөлімінің басшысы:
- Уақытында кесілмеген бұтақтар жол белгілерін жауып қалады. Әсіресе кешкі уақытта қиындық туғызады. Жол белгілері көрінбей, шамдардың жарығы түспейді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл өте маңызды. Жолдарды күтіп ұстауға қойылатын талаптар сақталуы керек.
Тәртіп сақшылары: «Ағаш бұтақтарын санитарлық кесу жұмыстарын жүргізу маңызды», - дейді. Осыған байланысты қалалық Полиция басқармасы коммуналдық мекемелерге ондаған нұсқама берген. Ағаштарды санитарлық мақсатта кесу жұмыстарымен кәсіби мамандар айналысуы керек. Себебі кей жағдайда ағаштарды діңіне дейін кесіп тастайтын жағдайлар кездеседі. Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары өңірлік қауымдастығының төрағасы Виталий Чернецкий қаланы көгалдандыруда ғылыми тәсіл керек екенін айтады.
Виталий Чернецкий, Орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы:
- Терек, қарағаш, шаған сияқты ағаштар бұтақтарының 50-60 пайызына дейін кессе де, оған төтеп бере алады. Әсіресе ірі бұтақтар кесілсе, оның орнын бау-бақша шайырымен өңдеу немесе бояуды қалың жағу қажет.
Жауаптылар мамандардың пікірін қолдайды. Алдағы уақытта ағаштарды кесу жұмыстары нақты қажеттілікке қарай жүргізілмек.
Марат Тұңғышбаев, ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
- Қалада жазғы күтіп ұстау аясында ағаштардың бұтағын кесу жұмыстары жүргізіледі. Бұл қала келбетін жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол белгілерін жауып, шамдарды көлегейлеген бұтақтар жойылады.
Өскеменде дендрологиялық жоспар әзірленіп жатыр. Оның аясында қаладағы ағаштардың нақты саны мен жасы анықталады. Ресми мәліметке сәйкес, бұған дейін кесілген ағаштардың орнын толтыру үшін биыл 20 мыңнан астам көшет егіледі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ағаш #бұтақ #ШҚО #электр желілері
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz