Ақмола облысында егін орағы қызу жүріп жатыр. Диқандар дәнді дақылдардың 10 пайыздан астамын, ал майлы дақылдардың 6 пайызын жинап үлгерді.
Биыл өнім көлемімен қатар оның сапасына да басымдық берілген. Кейбір аудандарда бидайдың қамырлылығы 40 пайызға дейін жетеді.
Жарқайың ауданының шаруалары егін орағына алғашқылардың бірі болып кірісті. Уәлиханов ауылындағы шаруашылық 30 мың гектардан астам алқапты игеруде. Оның басым бөлігіне бидай егілген. Қалғанында зығыр мен арпа өсіріледі. Биыл ауа райы қолайлы болғандықтан орақ науқаны әдеттегіден ерте басталды.
Светлана Орехова, серіктестіктің бас агрономы:
- Егін бітік шықты. Пісіп-жетілуі де қалыпты жүрді. Қамырлылығы жоғары, сапалы астық алдық. Көрсеткіш тіпті 41 пайызға жеткен астық партиялары да болды.
Қазір шаруашылық өнімнің үштен бірін жинап үлгерді. Жоғары сапалы астық алуға ғалымдардың көмегі де сеп.
Бақыт Ермұратов, А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы Ғылыми-өндірістік орталығы зертханасының меңгерушісі:
- Өзіміздің “Шортанды-95” сұрпын енгізіп жатырмыз. Осы аймақта оны өсіру технологиясын, яғни минералды тыңайтқыштарды қолдану тәсілдерін енгізудеміз. Соның арқасында өнімділікті 25 пайызға арттырып, сапалық көрсеткіштерін де жоғарылаттық.
Өнімділікті арттыру үшін өңірде 433 мың тонна тыңайтқыш дайындалды. Биыл облыс шаруалары 5 миллион 600 мың гектар алқапқа тұқым сепкен. Бұл ретте астықтың сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі жиналып жатқан дәнді дақылдардың алғашқы партияларының сандық құрамы ақуызы 17-19 пайыз, клейковина 40 пайыздан жоғары және натура 790 көрсетіп отыр. Бұл «хайпро премиум» бидайы, яғни экспортқа бағытталған жоғары протеинді бидай.
Қазір егіс алқаптарында 14 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеп жатыр. Күзгі дала жұмыстарына шаруаларға 81 мың тонна жанар-жағармай бөлінді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Виктор Полянный
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #егін шаруашылығы #диқандар #Таңдаулы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz