RU
Толық нұсқаға өту

G-Park компаниясы коммуналдық желісі жоқ үйді пайдалануға берген

12.08.2026, 19:20 38

Кілті бар, бірақ коммуникациясы жоқ. Аты дауға қалған G-Park құрылыс компаниясының айналасында тағы шу шықты.

Бұл жолы азаматтар Вашингтон тұрғын үй кешеніне көңілі толмай, арнамызға хабарласты. Бірнеше жылдан бері күткен баспанада тұру мүмкін емес дейді. Себебі кешен коммуналдық желілілерге әлі қосылмаған.

Гүлстан Жақсыбайқызы екі жыл бұрын G-Park компаниясынан пәтер алды. Бірақ қоныстойдың ауылы әлі алыс. Өткен жылдың қарашасында пайдалануға берілген кешенде тұру мүмкін емес. Жылу мен ыстық су жоқ, жеделсаты жиі істен шығады,-дейді меншік иелері. Айтуларынша, бүгінде нысан көрші үйдің трансформаторына қосылып, уақытша электр көзімен қамтылған. Бірақ ол да кейде сөніп қалады.

Гүлстан Жақсыбайқызы, қала тұрғыны:

- Не үшін бұл үйді мемлекеттік мекемелер, ресми орындар экслуатацияға дайын деп қол қойып, не үшін келісім берген? Бұл үй мүлдем дайын емес. Электр энергия жоқ, су жоқ, құрылғылар бүкіл жерде ашық-шашық жатыр. Ертең балалар жүреді. Егер біреуді тоқ тартып кететін болса, кім жауап береді оған? Лифт бір істеп, бір істемейді.  Ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ.

Меншік иелерінің мәліметінше, кешенде 600-ге жуық пәтер болса, оның тек 100-інде электр есептегіш қондырғы қойылған. Балалар алаңы әлі жабдықталмаған. Коммуналдық желілердің толық қосылмағанына қарамастан, пәтерлеріне жөндеу жасап, көшіп алғандар бар. Көпшілігі қаржылық қиындықтарға байланысты осындай әрекетке баруға мәжбүр болған.

Ұлмекен, зейнеткер:

- Қазіргі сырт келбетін қарасаңыз, бір бұзуға кетіп бара жатқан үй сияқты. Адамның жылағысы келеді. Бұл жаққа карасаңыздар міне, қазір кілт беріліп, осы жерде қаншама тұрғындар амалдың жоқтығынан, пәтерлерін төлей алмағандықтан, ипотекаларының уақыты келіп, жылап, еңіреп үйлерге кіріп жатыр.

Ашынған тұрғындар түрлі мемлекеттік мекемеге арызданған. Бірақ нәтиже жоқ. Ал құрылыс компаниясы болса, жақын арада жұмыстарды аяқтаймыз деп қарап отыр. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз қалалық сәулет-құрылыс басқармасына хабарластық. Ал ондағы мамандар: «Коммуналдық желілерге қосуға құрылыс салушы жауапты», – деп қысқа қайырды.

Роллан Өскенбаев, Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда құрылыс салушыға. әкімшіліктен барлық техникалық шарттар жылуға, суға және электр желілерімен қамтуға берілген. Объектіні барлық коммуналдық желіліерге қосу құрылыс салушының міндеті болып табылады. 2014 жылдан бастап мемлекеттік қабылдап алу жоқ. Салынған объектілер құрылыс салушымен қабылданып алынады.

Тағы бір мәселе - жылу жүйесі. Нысанның қазіргі жылу желілері «Астана теплотранзиттің» берген жобасына сай болмай шықты. Себебі әуел баста кешенді жекеменшік жылу желісіне қосуды жоспарлаған. Құбырлары да соған лайық жасалыпты. Бірақ жекеменшік мекеме бұл үйді өз балансына алмай отыр. Енді орталық жүйеге ауысу үшін құбырлардың қосылу нүктесін өзгерту керек. Техникалық талап сондай.

Құмарбек Қараулов, №1 жылумен жабдықтау пайдалану қызметінің инженері:

- Жылу желілеріне қосылу үшін біздің «Астана-теплотранзит» АҚ оларға техникалық шарт берді. Техникалық шарт бойынша ол 47-ші жылу магистраліне қосылу керек. Қосылу нүктесі сол жерде белгіленген. Бірақ олардың проектісі бойынша жылуға қосылу нүктесі басқа жекеменшіктегі желіге жасалынған. Сондықтан біз оған рұқсат бермедік.

Ресми мекемелермен қатар біз құрылыс компаниясынан да ақпарат алуға тырыстық. Редакция атынан ресми хат жолдап, мән-жайды түсіндіруді сұрадық. Бірақ G-Park өкілдері журналистермен кездесуге құлықсыз. Ал баспанасын жылдап күткен жұрттың жылы үйде қашан еркін өмір сүре алатыны әлі белгісіз. Айта кетейік, биыл 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Соған сәйкес, жаңа нысандарды пайдалануға қабылдау процесіне мемлекеттік құрылыс инспекторлары қатысады.  Бұл бақылауды күшейтіп, құрылыс сапасын арттыруға сеп болмақ.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz