RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Jastar day» фестивалі өтті

12.08.2026, 22:00 31

Бүгін Халықаралық жастар күніне орай елордалық амфитеатрда «Jastar day» ашық аспан астындағы мерекелік фестивалі өтті.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауатты күшейту және шығармашылық қабілетті дамыту турасында құнды кеңестер айтылып, әлеуметтік жобалардың маңызы жеткізілді. 

Жігері мен жалыны, қайраты мен қарымы ұштасқан жастар - ел ертеңінің басты қозғаушы күші. 30 жылға жуық уақыттан бері Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының ұсынысымен 12-тамыз жастар мерекесі ретінде ауқымды деңгейде аталып келеді. Айтулы күн биыл елорда төрінде де жалғасын тауып, сән-салтанатымен өтті.

Айдар Ерлан, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі іс-шарада бізде түрлі спикерлеріміз, танымал журналистіріміз, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Жасанды интеллект» жылы аясында жастарға қызықты тақырыптарда сөз қозғайтын болады. Сонымен қатар бүгінгі кештің қорытындысы ретінде Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары жастарға өз өнерін көрсетеді.

Мәдени шара барысында шығармашылықты дамыту, бос уақытты тиімді пайдалану, адами құндылықтарды сіңіру, суицидтің алдын алу және психотроптық заттардан аулақ болудың маңызы айтылып, жеткіншектерге танымдық ақпараттар жеткізілді.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі:

- Біз жастарға есірткінің зияны туралы, қандай жаза көзделгенін айтып кеттік. Сондықтан жастарды аулақ болуға шақырамыз.

Фестивальде еліміздің әр түкпірінен жиналған белсенді жастар бас қосып, думанды шараның көркін қыздырды.

Нұрдәулет Мұхтарбек, Астана қаласының тұрғыны:

- Елордада жастар үшін бүкіл мүмкіндіктер бар. Жай ғана сол мүмкіндікті алып пайдаланса, жастар кез-келген жетістіктерге жете алады.

Мерекелік шараның ажарын танымал өнер жұлдыздары айшықтай түсті. Мәдениет майталмандары келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әннен алқа тағып, жырдан шашу шашты.

Авторлары: Назым Кенжебай, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz