RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда аптап ыстық өрт қаупін күшейтті

13.08.2026, 10:15 34

Павлодар облысында шаруалар шөп шауып, қысқы мал азығын дайындап жатыр. Шабындық алқаптарда жұмыс қызу. Алайда күннің тым ысып кетуі өрт қаупін күшейтіп отыр.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар қызметі шабындықтарды да бақылауға алған. Олар рейд өткізіп  шаруаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жүр.

Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі кезекті рейдке шықты. Мамандар шабындық алқаптарды аралап, шаруаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді. Сақтық шаралары жөніндегі нұсқаулықтар таратылып, техниканың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі де тексерілді.

Ертіс өзенінің қойнауында биыл шөп бітік шыққан. Қазір жүздеген шаруашылық қысқы мал азығын дайындауда. Жыл сайынғы науқан кезінде шаруалар күннің қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жұмысты қарқынды жүргізуге тырысады. Шөп дайындау жұмысының қауіпсіз әрі өнімді болуы техниканың жағдайына тікелей байланысты. Әсіресе аптап ыстықта шаруалардан барынша қырағылық талап етіледі.

Серік Нұрпейісов, механизатор:

- Жұмысқа шығардың алдында техниканы түгелін тексеріп аламыз. Астындағы кардан деген бар соған шөп оралса, қызса одан өрт кетуге болады. Күнде қарап отырамыз, сағат сайын тоқтағанда түгелін тексеріп шығамыз. Түгел тракторларымызда өрт сөндіру құралы бар, су бар.

Биыл облыс аумағында үш дала өрті тіркелген. Баянауыл, Ертіс және Шарбақты аудандарында жалпы көлемі 1 400 гектар жер отқа оранды. Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына көбіне адам факторы себеп болады. Сондықтан шөп шабу науқаны кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау маңызды. Әсіресе аптап ыстықта құрғақ шөп тез тұтанып, жалынның таралу қаупі артады.

Оразбек Уәлиханов ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Рейдтік шаралар жүргізілуде. Осы шаруа қожалықтары және жеке тұлғаларға осы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша. Ол ең бірінші осы техниканың ақаулығы, ақаулығы болмау керек және өрт сөндіргіштері, киізі, хлопушкасы дейміз болуы керек.

Жауапты сала мамандары биыл 1 533 рейд өткізді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 262 адам Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz