RU
Толық нұсқаға өту

16 тамызда Алматы облысында «Байсерке аспаны» әуе шоуы өтеді

13.08.2026, 12:00 53

Алматы облысы іс-шаралар туризмін дамытуға басымдық беріп отыр. Биыл өңірде туристерді жыл бойы тартуға бағытталған 30-дан астам ауқымды шара өткізу жоспарланған. Оның бірқатары халықаралық деңгейде өтіп, мыңдаған көрермен мен қатысушыны жинады. Облыстың туристік әлеуеті жайлы «Байсерке аспаны» әуе шоуына арналған брифингте айтылды.

Мәселен, «Адам және Ғарыш» авиафестивалі мен Орталық Азия дрифт шоуы жарысына он мыңнан астам көрермен келген. Сондай-ақ спорттық туризм бағытында да көрсеткіш жоғары. Халықаралық Tengri Ultra ультрамарафонына екі мыңға жуық спортшы қатысса, Орталық Азиядағы ең ірі OCEANMAN 2026 жарысына 19 елден 1600-ден астам қатысушы жиналды. Биыл 16 тамызда өтетін дәстүрлі «Байсерке аспаны» авиациялық шоуы да көп көрермен жинайды деп күтілуде. 

Қуанышбек Мирамбекұлы, Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы:

- Біздің авиациялық шоуымыз таңертең 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін болады. Былтыр 14 мыңдай адам болды. Оның 22 пайызы шетелдік азаматтар еді. Биыл 20 мыңға дейін адам қабылдауға дайынбыз. 20 мың билет шығардық. Оны веб-сайттардан да алса болады. Бөлек кассаларда кіреберісте қарастырылатын болады. 

«Байсерке аспаны» авиациялық шоуы Еркін ауылындағы Байсерке аэродромында өтеді. Шара барысында 20-ға жуық әуе техникасы аспанға көтеріліп, ұшу мүмкіндіктерін көрсетеді. Одан бөлек жерде де түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Аэлита Федорова, әуе шоуы шарасының ұйымдастырушысы:

- Шараны ұйымдастыру барысында қайырымдылық жасау жағын да естен шығармадық. Авиашоуды барлық адам көргісі келеді. Сондықтан биыл біз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін және мүгедектігі бар балаларға  2 мың билет бөлдік. Олардың да осы қызықты шараны келіп көруіне мүмкіндік жасадық.

Мамандардың айтуынша, мұндай ауқымды іс-шаралар туристік ағынды арттырып қана қоймай, жаңа инвестиция тартуға және жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.

Авторы: Гүлжан Көленқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz