Шымкентте алдағы үш айдың ішінде қаңғыбас мың ит пен мысық ұрықсыздандырылады. Қалада «аулау-ұрықсыздандыру-вакцинациялау-босату» бағдарламасы іске қосылды.
Бұралқы жануарлардың құлағына сырға тағылып, қайтадан далаға жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бұдан кейін олар адамға қауіп төндірмейді. Әрі көбеймейді.
Ветеринарлардың алдын алу жұмысы Шымкенттегі ит-мысықтардың көбеюіне жол бермейді.
Мария Лебедева, ветеринар:
- Менің ойымша, бұл – үй жануарларының санын азайтудың ең тиімді жолды. Мысалы, осы жұмыстың арқасында шамамен бір мың күшік дүниеге келмейді. Ал олар өлген жағдайда қоршаған ортаға түрлі инфекция тарайды.
Операциядан кейін қаңғыбас жануарлар қараусыз қалмайды. Оларға уақытша ұстау орталығының мамандары күтім жасайды.
Ержігіт Нұрқасым, Жануарларды уақытша ұстау орталығының меңгерушісі:
- Уақытша оқшаулау орталығына алып келген ит-мысықтарымызды 3 күн бақылауда ұстаймыз. 3 күндік бақылаудан кейін оларды зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Еркек ит-мысықтар 7 күндік бақылауда болады операциядан кейін, ал ұрғашы ит-мысықтар 7 күндік, 14 күндік бақылауда болғаннан кейін қайтадан мекендеу орындарына қайтарылатын болады.
Бұл мәселені қаланың зооволонтерлері көтеріп келеді. Қазір олар орталық мамандарымен жұмыс істеп, тамақ және емдеу жағынан көмек көрсетеді.
Лариса Абдуллаева, зооволонтёр:
- Ұрықсыздандырылған иттерді келесі апта жібереміз деп отырмыз. Біреулер бұл дұрыс емес деуі мүмкін. Бірақ басқа амал жоқ. Қазір оларға пана жоқ.
Мамандардың айтуынша, бұл шара қаланы қаңғыбас ит-мысықтардан тазалауға мүмкіндік береді. Өйткені жыл басынан бері олардан 1 мың 600 адам зардап шеккен.
Ерлан Әденов, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Үй жануарларының егелері өзінің ит-мысықтарын арнайы базаға тіркеуге, вакцинация шараларын жүргізуге, сондай-ақ басқа да бір қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жұмыстарын өзінің жаңағы ит егесінің жауапкершілігіне жүктелген. Егер бұл жауапкершіліктер атқарылмаған жағдайда ӘҚБК сәйкес айыппұлдар қарастырылған.
Үй жануарларының далада қалуына түрлі себеп бар. «Көбіне оларды адамдардың өзі тастап кетеді», - дейді белсенділер. Әзірге ветеринарлар осындай бір мың ит-мысықты ұрықсыздандырады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #ұрықсыздандыру #ит #мысық #бұралқы иттер #Шымкент
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz