RU
Толық нұсқаға өту

Нәлібаев Жетісу өңіріндегі жаңару жұмыстарының барысымен танысты

13.08.2026, 19:00 46

Жетісу облысында биыл 568 шақырым инженерлік желі жаңартылады.

Соның нәтижесінде электр,  жылу және су жүйелерінің тозу деңгейі 15 пайызға азаяды. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстармен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Іссапар барысында үкімет мүшесі ауыл шаруашылығы, құрылыс саласының дамуы мен жылу маусымына дайындықты саралады.

Талдықорғандағы Бірлік, Құлагер ықшам ауданында салынған үйлер мен мекемелер биыл жаңа қазандықпен жылытылады. Нысан құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек қаланың негізгі жылу құбыры да ауыстырылып жатыр.

Абзал Жағыпаров, "Талдықорғанжылусервис" МКК директоры:

- Бұл магистраль Талдықорған қаласы бойынша ең маңызды магистраль болып есептеледі. Диаметрі 700. Барлығы 18 км труба ұлттық жоба аясында үш жылда ауыстырылатын болады. Бұл біздің құбырдың тозу деңгейін 61 пайыздан 51 пайызға азайтатын болады.

Жүйеге түсетін жүктемені азайту үшін Талдықорған және Текелі қаласында газ трубиналы станция салынды. Электр тоғын өндіріп, жылу беретін мекемелер аймақ экологиясын жақсартуға де септігін тигізеді. 

Арман Отарбаев, серіктестік директоры:

- Биыл бұл жоба 100 пайыз іске асырылады. Текелі қаласындағы көмірмен жұмыс істейтін энергокешен 1959 жылы салынып, ондағы құрылғылар 67 пайызға ескірген. Жаңа станция аталған мекеменің жылу және энергия өндіретін қуатын арттырады.

Жетісу облысында жаңартылған энергия өндіретін 19 гидроэлектр станция жұмыс істеп тұр. Бұған қоса тағы оны салынып жатыр. Стратегиялық маңыздағы нысандар алдағы екі жылда кезең-кезеңмен іске қосылмақ. 

 Айдос Бекетаев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Жаңартылған энергия көздері бізде 353 мВт құрайды. Оның ішінде 254 мВт облысымыз пайдалануға керек. Қосымша 10  ГЭС біткен кезде қосымша 191 мгвт қосылатын болады. Бұл электр қуатын біз басқа облыстарға жіберетін боламыз.

Аймақта 630 өндірістік кәсіпорын бар. Биылғы жарты жылдықта олар  230 млрд теңгенің өнімі өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға көп. Өндірістің артуына былтыр ашылған Талдықорғандағы кірпіш зауытының да қосқан үлесі бар.  

Қалқабай Мұсанов, зауыт директоры:

- Бүкіл облысымызға жеткілікті болып тұр. Сөткесіне 500 куб кірпіш шығарамыз. Мекемеміз дайын тұр. Болашақта клей шығарсақ па деген ойдамыз. Оған да 20-30 адам жұмысшы аламыз. Жұмысшылар санын көбейтеміз.

Аймақта ауылшаруашылық өнімдерін де өңдеуге басымдық беріліп келеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 68 пайызға жеткен. Әлеуметтік маңыздағы дақыл ретінде тәтті түбір алқабы жыл сайын ұлғайтылып отыр. Соған сәйкес қант зауыттарын жаңартып, қуатын арттыру көзделген. 

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Көксу қант зауыты 250 мың тонна жылына өңдесе, 500 мың тоннаға дейін 28 жылы қуаттылығын арттырады. Сонымен қатар Ақсу зауыты 450-ге дейін көтереді.

Өңірде мектеп, амбулатория сынды 21 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Соның бірі облыс орталығында тұрғызылды. Бес қабатты медицина мекемесі қаладағы бірнеше ықшам ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді. 

Асқар Садықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жаңа емханаға шамамен 55 мыңға жуық адам тіркеледі. Замнауи құрал жабдықтармен жабдықталып, білікті мамандар жұмысқа алынады. Соның нәтижесінде көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады. 

Талдықорғанда 800-ге жуық үй салынып, «Жастар-3» деп аталатын тұрғын үй алабы бой көтерді. Сонымен қатар өңірдегі көп қабатты үйлердің қасбеті жаңартылып, шатыры ауыстырылып жатыр. Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін аулалар мен саябақтар да жөнделуде.

Салин Рүстембеков, Қарабұлақ кентінің тұрғыны:

- Бір жылдың ішінде көп өзгерістер болды. Бізде жалау тұғыр қойылды. Бәріміз осы жерге демалысқа келіп тұрамыз. Балалар спортпен шұғылданады.

Жетісу облысын аралаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеуметтік экономикалық дамуымен толықтай танысты. Сапар қорытындысында жергілікті атқарушы органдарға жылыту маусымына дайындықты жіті назарда ұстап, құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды.

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz