Қостанайда XXI Республикалық және халықаралық жас жол инспекторлар слетінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл жолы жас инспекторлардың дәстүрлі жиынына Қазақстанның барлық өңірінен және ТМД елдерінен 26 команда қатысқалы отыр. Олар он күн бойы жол қозғалыс ережесін қаншалықты меңгергендігін теория, практика түрінде көрсетіп, өзара сынға түседі.
Жас жол инспекторлар слетінің ашылу салтанатында еліміздің 20 өңірінен, ТМД аумағындағы 6 мемлекеттен келген командалар орталық алаңда сап түзеп өтті. Өз құттықтау сөзінде облыс әкімі барша қатысушыларға ақ жол, қауіпсіз сапар, жаңа мүмкіндіктер тіледі.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Жас жол инспекторлары – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жол қозғалысы ережелерін құрдастары арасында насихаттап жүрген белсенді жастар. Сіздердің бүгінгі білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз – ертеңгі қауіпсіз қоғамның берік негізі. Осы күндер сіздер үшін жаңа білімге, жарқын әсерлерге және берік достыққа жол ашатын ерекше кезең болсын!
Биылғы слеттің басты ерекшелігі, қатысуға ниет білдірген мемлекет санының көптігі. Және бұл жолы "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында тағылымды кездесу, кештер арқылы да жолда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын жеткізу көзделіп отыр.
Ақтоты Боранова, Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының орынбасары:
- Одан бөлек, бұл слеттың аясында халықаралық деңгейде алты мемлекеттен келген басшылардың қатысуымен балалардың жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған конференция өтеді.
Жас инспекторлар 9 сайыс түрінен сынға түседі. Мұндай жарыстарда әдетте білім, шеберлік шыңдалып, командалық рух беки түседі.
Айша Қайрат, Жас жол инспекторлары слетіне қатысушы:
- Оң мен солды шатастырмауды үйрендік, сосын командалық жұмысты бірге ақтауды үйрендік.
Жас жол инспекторларының слеті 10 күнге жалғасады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қауіпсіздік #балалар #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz