RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында «SHAIQAS-2026» ұлттық әскери-инженерлік чемпионаты өтті

14.08.2026, 22:30 112

Ақмола облысында тұңғыш рет «SHAIQAS-2026» ұлттық әскери-инженерлік чемпионаты өтті.

Байқауға 400-ден астам инженер, бағдарламашы, курсант және робототехника маманы қатысып, өз мүмкіндіктерін таныстырды. Қатысушылар  ұшқышсыз және жерүсті жүйелері, киберқауіпсіздік және тактика секілді төрт бағыт бойынша бақ сынады.

Тұңғыш ұлттық инженерлік чемпионаттың негізгі алаңы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылды. Сайыс барынша шынайы жағдайға жақындатылған форматта өтті. Қатысушыларға қойылған тапсырмалардың бірі – мина қойылған аумақта жұмыс істеу.

Асылбек Сапарбек, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты:

- Біз бұл жерде робототехника НРК дейді ғой, жердегі робототехникалық комплекс, соны ұсынамыз. Бізде 2 бөлім осы робототехникаға қатысы бар. Яғни, біріншісі эвакуация манекена, одан кейін мина қою – «минорование». Яғни танкінің алдына артына мина қойылады. Яғни бұл жерде робототехнкиаға қатысты қиын этап.

Чемпионатта ұшқышсыз жүйелерге де ерекше мән берілді. Мұнда техниканың мүмкіндігімен қатар, оператордың шеберлігі де маңызды. Яғни басқару дәлдігі, жылдам әрекет ету және командалық жұмысты үйлестіру қабілеті сынға түсті.

Александр Русаков, Т. Бигелдинов атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери институтының курсанты:

- Қазіргі таңда ұшқышсыз авиация тек әскери салада ғана емес, азаматтық өмірде де алдыңғы қатарлы бағыттардың біріне айналды. Қазір көптеген сала автономды жүйелерге көшіп жатыр. Мен бұл жерге тәжірибе алмасу үшін келдім. Басқа командалардың қатысушыларымен сөйлесіп, олардың дрондарды қалай құрастыратынын көріп жүрмін. Болашақта өзімнің мінсіз ұшқышсыз аппаратымды жасағым келеді.

Сайыс төрт бағыт бойынша өтті. 18 команда ұшқышсыз аппараттар мен роботтандырылған кешендерді басқару шеберлігін көрсетті, кибершабуылдарға қарсы тұрып, тактикалық тапсырмаларды орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионаттың басты мақсаты – отандық үздік инженерлерді бір алаңға жинап, олардың әлеуетін анықтау.

Асылбек Мұрзахметов, ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновацияларды дамыту орталығының директоры:

- Біз қазірдің өзінде оқуын бітіріп, тәжірибе жинақтаған мықты инженерлерді, шеберханаларда, түрлі кәсіпорындарда, әскери және күштік құрылымдарда еңбек етіп жүрген мамандарды бір жерге жинауды ұйғардық. Осылайша, шартты түрде айтқанда, көпсайыс форматындағы чемпионат ұйымдастырдық. Негізгі мақсатымыз – ең мықты инженерлерді анықтап, олардың қандай әзірлемелері бар екенін және күштік құрылымдарға қаншалықты пайдалы бола алатынын бағалау.

Айта кетейік, чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері енді «Батыл Тойтарыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуларында өз әзірлемелерін сынақтан өткізеді. Ал тұңғыш ұлттық инженерлік чемпионаттың үздіктері ертең марапаттау рәсімінде анықталады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz