Маңғыстаудағы «Қараман ата» қорымы - түркі әлеміне ортақ тарихи мұра.
Қорым аумағында жақсы күйде сақталған жүздеген орта ғасырлық бейіт бар. Мұндағы жерасты мешіті ерте заманда ғибадат орны ғана емес, рухани білім ордасы ретінде қолданылған. Қысы-жазы зияратшылар үзілмейтін киелі мекенге арнамыздың түсіру тобы барып, ерекше көрініске таңданып қайтты.
“Қараман ата” жерасты мешіті ХІІІ ғасырға жатқызылатын сәулет ескерткіші. Сакральды мекенде құлпытас, қойтас, арқартас және қошқартас түрінде белгісі бар бейіттер шоғырланған. Қорымда жерленген адамдардың жынысы, көзі тірісінде немен айналысқаны көне таңбалар арқылы көрсетілген. Мысалы тарақ бейнесі бұл жерде әйел адам жатқанын білдіреді. Қылыш немесе айбалта марқұмның кезінде батыр болғанын айғақтайды.
Базарбай Әбдірахманов, өлкетанушы:
- 1975 жылы Маңғыстау облысының 2100 мыңжылдық картасын түсірдік. Сол түсірген кезінде ұстаздарыммен бірге осы қауымға келіп, алғашқы танысуым басталған болатын. Қараман атаның тарихи маңызы өте жоғары. Атақты әулиелердің бірі деп айтсақ болатын шығар. Жердің бір ерекшеліктерін пайдаланып, Маңғыстау жеріндегі ең алғашқы жерасты мешіттерінің бірі болғанға ұқсайды.
Аумағы 4 гектар болатын мешіттің ішкі құрылысын көру үшін зияратшылар баспалдақпен жер астына түседі. Кіреберіс бөлмеге зияратшылар құран оқитын зал жалғасқан. Одан әрісі әулие жерленген шағын бөлме. Мамандардың айтуынша, Маңғыстауда жерасты мешіттері экономикалық тұрғыдан шығыны аз болғандықтан көптеп салынған. Сонымен қатар осы жерде адамдарға рухани білім беру кезінде ұстаздың даусы анық естілген. Мешіт төбесіндегі дөңгелек тас құрылымдар терезе әрі желдеткіш қызметін атқарады.
Александр Наварро, Францияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы:
- “Қараман ата” жерасты мешітінің әлемдік мұралар енгізілуі кездейсоқ емес. Бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінің зияратшылар жылдың барлық мезгілінде келеді. Бірі арнайы ғибадат етуді мақсат тұтса, енді бірі емдік қасиеті барына сенеді. Осы секілді қасиетті орындарды қорғау және туристік инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыс істейміз.
«Қараман ата» секілді 5 жерасты мешітінің ЮНЕСКО тізіміне енуі Маңғыстаудың қасиетті жерлерін халықаралық деңгейде қорғап, тарихи мұраны келер ұрпаққа сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай мәртебенің Каспий жағалауындағы аймақтың туристік әлеуеті артуына оң ықпал етеді, дейді мамандар.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев
Тегтер #Қазақстан жаңалықтары #Маңғыстау #Қараман ата #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz