RU
Толық нұсқаға өту

Бірліктегі көне қалашық зерттеліп жатыр

15.08.2026, 19:00 41

Түркістан облысында мың жарым жылдық тарихы бар көне жәдігерлер жол бойынан табылды.

Бірлік ауылының маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар бұл аумақ Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген көптеген тайпалардың мекені болуы мүмкін деген болжам жасады. Көне қоныстан керамикалық ыдыстардың сынықтары мен темірден жасалған еңбек құралдарының қалдықтары табылған. Дрондар мен заманауи технологиялардың көмегімен археологтар көне қаланың цитадель, шахристан және рабад бөліктерінің орнын анықтады.

Бір қарағанда, бұл - кәдімгі тасжолдың бойы. Алайда оның астында бір жарым мың жыл бұрынғы қызу тіршіліктің ізі жатыр. Археологтар Бірлік ауылының маңындағы көне қаланы зерттеп жатыр. Дронның көмегімен аумақты сканерлеп, зерттеуге тұрарлық нысандардың орнын белгіледі. Зерттеушілердің айтуынша, бұл - ортағасырлық Ақтөбе қалашығы.

Досбол Байгунақов, Тарих ғылымдарының докторы, Әл -Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры:

- Бұл қалашықты кезінде 1962 жылдары Николай Подушкиннің зерттеуінде 8-12 ғасырлар болып көрсетілген болатын. Қала кезінде қаңлы заманында іргесі қаланып, оғыз дәуірінде қараханидтер кезеңінде Алтын Орда дәуірінде әсіресе Қазақ хандығының дәуірінде күшейгенін дәлелдейтін нақты материалдар бүгінгі күнде табылып отыр. Олардың барлығы осы қала тұрғындарының мәдениетінен, олардың заттық мәдениетінен, рухани дүние танымынан мол мәліметтер береді.

Бұған дейін бұл аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ескерткіштердің бір бөлігі заманауи құрылыстардың салдарынан жойылып кеткен. Мамандардың айтуынша, көне қала үш бөліктен — цитадель, шахристан және рабадтан тұрған. Шахристан аумағы кейін зиратқа айналса, рабадтың орны бүгінде егістік алқаптың астында жатыр.Археологтар қазба тереңдеген сайын, көне қаланың жаңа құпияларына қаныға түсті. Тұрғын үйлердің қалдықтары, сандалдар, керамика сынықтары мен темір еңбек құралдары табылды. Ал екінші қазба барысында цитадельдің қорғаныс жүйесі анықталды.

Қожахмет Қадырқұлов, студент:

- Цитадельдің қорғаныс қабырғасын анықтадық. Ол қорғаныс қабырғасының жалпы ені бір метрге жетіп тұр. Шурфты біз ұзындығы жеті метр, ені бес метр етіп түсірдік, тереңдігі үш метр болды. Үш метр тереңдікке жеткен кезде бізде керамика қалдықтары, хұмша секілді бұйымдары табылған болатын және осы қорғаныс қабырғасымен бірге цитадельдің қорғаныс мұнарасы да табылған болатын.

Әзірге басты жұмбақтың жауабы табылған жоқ. Археологтар бұл жерде бір кездері хан сарайы болған деген болжам жасап отыр. Ал қазба барысында табылған жәдігерлер көне қаланың өңір тарихындағы орнын айқындауға мүмкіндік береді.

Есенғали Қалшаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік қалашығы директорының орынбасары:

- Бірінші мақсатымыз біз тұрған Ақтөбенің негізгі тарихы шындыққа ерте кездегі Хан сарайы болған деген аңыз әңгіме шындыққа сәйкес келе ме, келмей ме бұның тарихы біздің қазақ елінің, қазақ халқының тарихына бір құнды дерек ретінде ене ме деген бастама болды. Бүгінгі таңда қазу жұмыстарының нәтижесінде қазба жұмыстарының өте нәтижелі шыққандығын және тарихи құнды деректердің, заттардың шыққандығын біз бүгін де көріп отырмыз, зерделеп отырмыз. Яғни біздің келгендігіміздің негізгі бағыты анықталды

Табылған жәдігерлер енді зертханалық сараптамаға жіберіледі. Мамандар олардың нақты жасын, шығу тегін және тарихи маңызын анықтамақ. Ал археологтар көне қаланы зерттеу жұмыстарын келер жылы да жалғастыруды жоспарлап отыр.Мамандардың айтуынша, Оңтүстік Қаратау - әлі де толық зерттеле қоймаған өңірлердің бірі. Бұған дейін археологиялық зерттеулер негізінен Отырар мен Түркістан аумағында жүргізілген. Ал бұл аумақтағы жаңа қазбалар өңірдің көне тарихына қатысты тың деректер беріп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz