RU
Толық нұсқаға өту

Былтыр Қазақстанда 140-тан астам спорт орталығы салынды

16.08.2026, 09:16 33

Бүгін – Спорт күні. Тәуелсіздік жылдары қазақ спортшылары қол жеткізген жетістіктер аз емес. 

Мәселен, биыл Михаил Шайдоров Қазақстан тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада алтынына ие болды. Ширек ғасырда тұңғыш рет қазақ палуаны Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен әлем чемпионы болды. Ал Әбиба Әбужақынова әйелдер арасындағы жаһандық дзюдо біріншілігінен Қазақстанға алғашқы медаль әкелді. Тізіп айта берсе, тек кейінгі бір жылда еліміздің абыройын асқақтатқан саңлақтардың жетістігі көңіл марқайтады. Бұл да мемлекеттік спорт саясатының жемісі. 

Былтыр заң жүзінде бюджеттен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынды. Сондай-ақ барлық өңірдегі спортшылардың жалақысы бірдей болды. Тағы бір жаңашылдық – бұдан былай І топтағы параспортшыларды алып жүретін қамқоршылар қызметі төленеді. Бұл отандық спорт саласына жүргізілген реформалық өзгерістің бір парасы ғана. Мәселен, он жылдан аса спорттық мекемені басқарса да, еш нәтижеге қол жеткізбеген енжар басшыларға тұсау салынды. Енді заңға ротация ұғымы енгізілген соң, керенау жетекші жұмыстан босатылады. 

Азамат Имашев, спортшылар кеңесінің төрағасы:

- Ұйым басшылары комиссия шешімі бойынша 4 жыл мерзімге сайланады. Осы 4 жыл ішінде спорттық және басқа да индикаторлар бойынша нәтиже көрсетпесе, оның қызметі қайтадан комиссияда қаралады. Ал егер үлкен нәтижелер көрсетсе, ол әрі қарай мансаптық өсуге мүмкіндігі бар.

Спортта үздік нәтиже көрсету үшін спортшының ағзасы мұқият бақылауда болуға тиіс. Бұл ретте, спорттық медицина саласында ілгерілеушілік байқалады. Қазір спортшылардың барлық мәліметі бірыңғай жүйеге енгізілген. Алдағы уақытта функционалдық тексеріс те сол ақпараттық базаға салынбақ.

Медет Махамбет, Ұлттық спорт медицинасы және оңалту орталығы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары:

- Функционалдық тексеріс кезінде өкпенің ауа сыйымдылығы, аэробтық мүмкіндігі, жылдамдығы мен күшінің қаншалықты екені тексеріледі. Яғни дене құрамы, бұлшықет, сүйек және май қабаттарының қаншалықты дамығанын анықтайтын арнайы құралдарымыз бар. Соның барлығын бірге интеграция жасап жатырмыз.

Бүгінде халықтың 44 пайыздайы бұқаралық спортпен шұғылданады. Арнайы бекітілген тұжырымдамаға сәйкес 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуіге тиіс. Демек бұл бағыттағы қарқын жаман емес.

Мейрам Сапарғалиев, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:

- Балалардың спортпен айналысуына қазіргі кезде бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншісі – әуесқойлық спорт, екіншісі – кәсіби спорт бағыты. Кәсіби спорт бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бірі – мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру. Қазіргі уақытта бұл жүйе пилоттық режимде 6 өңірде жүргізіліп жатыр. Екіншісі – спорттық мекемелердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру.

Былтыр елде 140-тан астам спорт орталығы бой көтерді. Оның 80 пайызы ауыл-аймақта салынған. Олай болуы да тегін емес – бұқаралық спортты дамытуда тиісті инфрақұрылымның қолжетімділігі маңызды. Құзырлы ведомство өкілдері халықтың спортпен жаппай айналуысына қажет жағдай жасаудың түрлі амалдары қарастырылғанын айтады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz