Кезінде Қарағанды көшелерінде жолаушы тасыған көне автобус халыққа қайта қызмет ете бастады. Алайда бұл жолы аялдама ретінде.
Есептен шығарылған қоғамдық көлік ерекше павильонға айналды. Қазір бұл жерге арнайы келіп, суретке түсетін жұрт көп.
Жалпы қала бойынша аялдамаларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Кейінгі үш жылда шаһардағы 46 аялдама жаңартылды. Алайда оларды қиратып, бүлдіретін бұзақылардың әрекеті тыйылмай тұр. Сондықтан полиция бұл нысандарды қатаң бақылауға алған.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Бұрын 15 жылға жуық халыққа қызмет еткен автобус қайта жабдықталып, аялдамаға айналған. Ішіне осындай орындықтар орнатылған. Жаңбыр мен желден қорғайтын бұл нысанның тағы бір ерекшелігі – түнде жарықтандырылады. Ал электронды таблода маршруттар мен олардың жүру уақыты көрсетіледі.
Автопарк қызметкерлері автобусты қайта жабдықтап, оны инфрақұрылымдық нысанға айналдырған. Ерекше идея наурыз айында туындаған, ал оны жүзеге асыруға үш ай уақыт кеткен. Аялдаманы орнатуға бюджеттің бір тиыны да жұмсалған жоқ. Нысанды ұқыпты ұстауды бақылау үшін маңына үш бейнебақылау камерасы орнатылды.
Темірлан Талдыбаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Шетелдердің ерекше аялдамаларын зерттей отырып, осындай бір нұсқаға тап болдық. Бұл нұсқаны басшылыққа ұсынып, келісіп, кейіннен осы 3-ші автопарк басшылығына ұсынылған болатын. Көп ойланбастан бұл идеяны қабыл алды.
Қарағандыдағы аялдамаларды заманауи, қауіпсіз және тұрғындарға барынша қолайлы ету жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 4 жаңа аялдама орнатылған. Ал соңғы үш жылда 46 қоғамдық павильон жаңартылды. «Алайда жайлылық үшін жасалған нысандар жайсыз болып тұр», - дейді көпшілік.
Бауыржан Мұхамеджанов, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- Жасақтарды күшейтіп, қазіргі таңда аялдамалардың барлығына бейнебақылау қойылған. Сонымен қатар, Қарағанды облысы Полиция департаментінде бейнебақылау жүйелерін бақылайтын басқару орталығы жұмыс істейді. Осы орталық арқылы бейнебақылауларды тұрақты бақылау және жасақтарды күшейту нәтижесінде қазіргі таңда 434-бап бойынша құқық бұзушылықтар жоқ.
Былтыр аялдама маңында мас күйде жүрген 25 адам әкімшілік жазаға тартылған. Патрульдік бақылау күшейтіліп, камералар қойылуының арқасында қоғамдық тәртіпті бұзатындар едәуір азайған. «Енді өңірге қарасты қалалар мен аудандарға да осындай жайлы аялдамалар қойылып, бақылау күшейтіледі», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков
Тегтер #Қарағанды #аялдама #бақылау
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz