RU
Толық нұсқаға өту

Брюссельде еліміздің спорт күнін атап өтті

16.08.2026, 17:28 37

Еліміздің спорт күніне орай бүгін Брюссельде отандастырымыз достық велошеруін ұйымдастырды. 

Биыл Қазақстан мен Бельгия арасындағы қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толды. Сондықтан әуесқой велошабандоздар 34 шақырым жолды жүріп өтуді ұйғарды. Араларында белгілі қазақстандық спортшы, «Астана» велокомандасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Андрей Кашечкин бар. Велошерудің ашылу салтанатында елші Роман Василенко сөз сөйлеп, 34 жыл ішінде Қазақстан мен Бельгия арасында өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік орнағанын айтты. Ал күзде Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр.

Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі:

- Бұл сапар біздің қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Осындай спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы да аса маңызды оқиғаға деген дайындығымызды пысықтап жатырмыз.

Андрей Кашечкин, "Астана" велокомандасының бұрынғы мүшесі:

- Ең алдымен, жастар мақсаттарынан айнымай, спортпен тұрақты түрде шұғылданса деймін. Қазақстан саланы дамытуға ерекше назар аударып, қомақты қаржы бөліп келеді. Мұндай қолдау Еуропаның көп елінде жоқ дер едім.  

Велошеру Брюссельдің ең танымал орындарының бірі Лакен саябағындағы Атомиумда ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараға Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлерімен бірге диаспора өкілдері, студенттер және шетел азаматтары қатысты.

Рикардо Кампо, Еуропалық комиссия өкілі:

- Бүгін командаға қосылып, осындай велошеруге қатысу мен үшін мәртебе. Барша қазақстандықты Спорт күнімен құттықтап, зор денсаулық тілеймін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz