RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде өткен жылы 147 спорт нысаны қолданысқа берілді

16.08.2026, 18:39 44

Өткен жыл ішінде елімізде жаңадан 147 спорт нысаны салынды.

Соның басым бөлігі ауылды жерлерде. Ірі жобалар қатарында Түркістан қаласындағы ескек есу каналын және Қызылордағы «Қайсар Арена» стадионын атап өтуге болады. Ал енді жаңадан бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің саны бойынша Қостанай өңірі көш бастап тұр.

Қостанай облысында соңғы жылда 44 спорт нысаны ел игілігіне тапсырылды. Соның бірі Денисов ауылында. Аумағы 1700 шаршы метр нысанда волейбол, шағын футбол, бокс, күрес залдары жабдықталған. Сондай-ақ жеңіл атлетика, үстел теннисіне жеке аймақтар қарастырылған. Қысы-жазы қалаған спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар осындай кешеннің пайда болғанына ауыл балалары дән риза.

Мансұр Жусан, Денисов ауылының тұрғыны:

- Маған бәрі ұнайды мұнда. Мұнда жуынатын бөлмелер, шешінетін бөлмелер бар. Барлық жағдай жасалған. 

Осындай барынша жабдықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің көбеюі бұқаралық спорттың дамуына игі септігін тигізді. 

Бахтияр Қоспанов, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылда инфрақұрылымның қарқынды дамуы арқасында бұқаралық спортпен қамтылған адамдардың саны шамамен 5 процентке артты. Қазіргі кезде өңір тұрғындарының 46,7 проценті тұрақты спортпен айналысады.

ТҮРКІСТАН 

Ал Түркістан облысында 3 жарым мыңнан астам спорт нысаны бар. Оның 86 проценті ауылдық жерде орналасқан. Соңғы 5 жылда олардың қатары 400-ге толықты. Солардың ішінде 7 мың орындық Түркістан Арена стадионы, теннис корты, спорт сарайы, ескек есу каналы, атшабар және мұз сарайы халықаралық деңгейде жарыстарды қабылдауға әзір. 

Самат Өскенбаев, облыстық спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда Түркістан облысында 62 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 4 млрд теңгеге 6 спорт кешені "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында салынуда. 4,4 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен 40 спорт нысанының құрылысы жүруде. Демеушілер есебінен 2,9 млрд теңгеге 12 спорт кешені бой көтеуде. Бұлардың барлығы биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. 

КӨКШЕТАУ 

Халықаралық стандартқа сай келетін тағы бір спорт нысаны былтыр жыл аяғына таман Көкшетауда ашылды. Көп функционалды «Көкше-Арена» кешені Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған қаржы есебінен салынған.  Жалпы аумағы 12 мың шаршы метр. Мұнда оқу-жаттығу жиындарымен қатар спорттың бірнеше түрінен дүбірлі жарыстар өткізуге мүмкіндік бар.

Аян Шөкенов, спорт кешенінің директоры:

- Бұл облыс жұртшылығы көптен күткен кешен. Кең, әмбебеп нысанда спорттық жарыстардан тыс мәдени-көпшілік шаралар, концерт өткізуге болады. Бокс, күрес залдары, ойын алаңдары заманауи жабдықталған. Сондай-ақ бізде мүгедек жандар үшін арнайы зал қарастырылған.

Елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары биыл да жалғасын тапты. Салалық министрліктің мәліметіне сүйенсек, осы жылы Қазақстанда тағы 121 спорт нысаны салынады. Одан бөлек әр өңірде 15 стадионның құрылысы жүріп жатыр.

Мағауия Қалиев, Жандос Жұмабек, Арайлым Шытырымбек, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz