Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінде мыңнан аса сотталушы жұмыспен қамтылған.
Олар ағаштан, темірден түйін түйіп, қажет дүниелер жасап жатыр. Жазасын өтеушілер сол жерден жалақы алып, талап-арыз бойынша төлемдерін өтеу мүмкіндігіне ие.
Ою-өрнекті кеседен мәрмәр тасқа дейін. Түзеу мекемелеріндегі өндіріс орындарында жұмыс күн сайын қызу. Бұл жерде жазасын өтеушілер еңбек етіп, адал ақы табудың қадірін түсінеді. Александр Жарин алты жыл ішінде бірнеше кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Нан пісіруден бастап, темірден түйін түйеді.
Александр Жарин, жазасын өтеуші:
- Қазір дәнекерлеушімін. Темірден неше түрлі зат жасаймыз. Бостандықтың қадірін енді ғана түсіндім. Өмірге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Сондықтан мені күтіп жүрген отбасыма қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін. Кейін осы үйренгенімді жеке кәсіпке айналдырсам деген ойым бар.
Жазасын өтеушілерді еңбекке тарту шараларының көздеген мақсаты да осы, дейді мекеме өкілдері.
Салтанат Дәулетбекқызы, ҚАЖ департаментінің ресми өкілі:
- Біз сотталғандарды босап шықаннан кейін белгілі бір маман болып, адал еңбекпен өз ақшаларын табуға, қоғамға қайта бейімдеуге жағдай жасауды көздейміз. Ең бастысы - олардың дұрыс жолға түсіп өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік береміз.
Облыс бойынша темір торға тоғытылғандардың 65 проценті жұмыспен қамтылған. Олар нарыққа қажет өнім шығарады. Мысалы, биыл мұнда алғаш рет кевларобетон өндірісі жолға қойылды.
Дәулет Төлеубеков, кәсіпкер:
- Жазасын өтеушілерге сабақ беріп, оларды оқудан өткіздік. Күнінен 15 шаршы метр өндіріп жатыр алдағы мақсатымыз жұмысшылар санын арттырып, өнімді көбейтсек пе деген ойдамыз.
Түзеу мекемелерінде жасалған ұлттық нақыштағы ыдыстар мен кәдесыйлар, тігілген арнайы киім түрлері ашық жәрмеңкеге де шығарылады. Сәні мен сапасы тұтынушылардың жоғары бағасына ие.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #түрме #жазасын өтеуші #кәсіп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz