RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында жаңа кәріз станциясының құрылысы басталды

17.08.2026, 08:40 41

Атырау облысының Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон кентінде  тәулігіне 10 мың текше метр кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы басталды.

20 жыл бойы кенттен шыққан сарқынды су, тазартылмаған күйде булану алаңдарына төгіліп келген еді. Экологиялық талапқа сай келмейтін бұл нысандар бүгінде тіпті мал суатына айналып кеткен. Тұрғындардың көп жылғы талабына орай енді жаңа жоба қола алынып жатыр. 

7 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңа Қаратон кентінің сарқынды сулары 20 жылдан бері осы жерге құйылып келеді. Айналаға тарайтын жағымсыз иіс өз алдына, сорақысы сол, иесіз жатқан аумаққа төрт түлік кіріп, суатқа айналып кеткен. Қазір жауаптылар амалдап айналасын қоршап қойыпты. Бірақ аяқты мал бәрібір  лас су көзіне ағылатын көрінеді. Енді кент тұрғындары көптен күткен құрылыстың басталғанына қуанулы.

Сембай Шәриев, Жаңа Қаратон кентінің тұрғыны:

- Басында нашар болды ғой, ашық-тесік жатты ғой. Су тазарту станциясының құрылысы басталып кетті. Сол тезірек бітсе екен дейміз. Тех. су өте қажет.

Сансызбай Баймұратов, Жаңа Қаратон кентінің әкімі:

- Малының етінен, сүттен дәм шығады деген алыпқашпа әңгімелер болды. Бұл булану алаңы қазіргі таңда рекультивацияға жатады.

Бұрынғы булану алаңының қасынан жаңа кәріз суын тазартатын станциясының құрылысы күн санап қарқын алып келеді. Қазір құрылысшылар қазылған катловандарға бетон құюдаі. Станция тәулігіне 500-700 текше метр сарқынды суды тазалап, кентке техникалық су ретінде пайдалануға беруге қауқарлы.

Эльдар Гулямов, мердігер мекеме өкілі:

- Резервуардың көлемдігі ұзындығы - 30 метр, ені - 15 метр. Биіктігі 4 метр болады. 4-5 айда бетон жұмыстарын бітіреміз.

Жаңа кәріз станциясының құрылысы біткенкен соң аумағы 1,2 гектар болатын булану алаңы толық рекултивацияланады. Оның жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өткен. Бұл нысан келер жылы іске қосылады, - дейді билік басындағылар.

Ерлан Нұрланов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

- Жалпы жоба құны 11 млрд 780 млн теңге. 2027 жылдың 4 тоқсанына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, аудан орталығы Құлсары қаласында да кәріз суын тазартатын жаңа станцияның жобасы қолға алынды. Қазір мердігер мекеме анықталған. Ол жоба алдағы қыркүйек айында  мемлекеттік сараптамаға ұсынылмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz