RU
Толық нұсқаға өту
Фото: primeminister.kz

Сайлау кезеңінде БАҚ пен блогерлер нені ескеруі керек – Аида Балаева түсіндірді

17.08.2026, 11:53 64

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау кезеңінде БАҚ өкілдері мен блогерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды 24KZ.

Балаева өзінің Facebook парақшасында сайлау науқаны кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты жеке түсіндіруді қажет ететін көптеген мәселе туындайтынын атап өтті.

Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы, – деді ол.

Оның айтуынша, бейнесі түсіріліп жатқан адамның келісімінсіз журналистер де, блогерлер де үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:

·         егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;

·         егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;

·         егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.

Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.

Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес, – деп жазды министр.

Ол мұндай әрекеттер мемлекетті және оның институттарын беделсіздендірудің айқын құралы екенін, сондай-ақ министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне кедергі келтіруге бағытталғанын атап өтті.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта осы тұрғыда алаңдататын жайттар байқалып отыр. Сондықтан масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде біз, ең алдымен, сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсетеміз. Бұл мәселелер Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан бүгінгі уақытта ерекше мәнге ие. Жаңа Конституция қабылданды, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды, алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр. Елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қаланып жатыр. Оның өзегінде мемлекет кепілдік берген құқықтар мен бостандықтармен қатар, әр азаматтың өз әрекетіне жауапкершілігі де тұруға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі. Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең, – деп жазды Аида Балаева.

Оның айтуынша, дәл осындай ұстаным «Заң және тәртіп» қағидатын көрсетеді. Мемлекет сөз бостандығын және журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге әрі қорғауға міндетті. Өз кезегінде сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті көздейді. Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге асырылмауы керек, ал қоғамдық мәртебе ешкімге заң талаптарынан иммунитет бермеуге тиіс.

Бүгінде «Адал азамат» құндылықтарының маңызы артып келеді. Бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін де түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары әрі жасампаз азаматтың бейнесі. Жаңа саяси кезең бізден осындай азаматтық жауапкершілік пен кемелдікті талап етеді. Сонымен бірге журналистер мен блогерлер үшін аса маңызды тағы бір қағидатты ұмытпауымыз керек. Ол – таратылатын ақпараттың анықтығын міндетті түрде тексеру. Осыған байланысты әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырамын. Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс, – деді Аида Балаева.

Министр атап өткендей, сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше, дәл осы екеуінің арасындағы тепе-теңдік азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң баршаға ортақ, ал қоғамдық диалог фактілерге, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел демократиялық қоғамды қалыптастырады.

Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырамын, – деп қорытындылады Мәдениет және ақпарат министрі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz