RU
Толық нұсқаға өту

Ет сапасы қалай бақыланады?

17.08.2026, 14:00 34

Жыл басынан бері Астанада ветеринариялық талаптарды бұзғандарға 223 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі – 11,2 миллион теңге.

Оның 46-сы «Скотокрад» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында жеке тұрғын үйден заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу цехы да табылған. Нысанның ветеринариялық-санитариялық қорытындысы да, есептік нөмірі де болмаған. Мұнда дайындалған өнім тәркіленіп, белгіленген тәртіппен жойылды. Ал жауапты тұлға 86 мың 500 теңге айыппұл арқалаған.

Ал дүкеннен немесе базардан ет сатып алғанда оның қауіпсіз екенін қалай білеміз? Мамандардың айтуынша, малға берілген кейбір антибиотиктер ағзада біраз уақыт сақталады. Сондықтан әр дәріге малды союға дейінгі күту мерзімі белгіленеді. Бұл талап сақталмаса, дәрі қалдығы етте қалуы мүмкін. Мұндай жағдайды зертхана анықтайды. Алдымен алынған ет сынамасы ұсақталып, біркелкі массаға келтіріледі. Одан кейін қажетті заттар арнайы еріткіш арқылы бөлініп алынады. Соңында алынған үлгі сұйықтық хроматографиясы және масс-спектрометрия әдісімен зерттеледі. Бұл тәсіл ет құрамындағы антибиотиктердің өте аз мөлшерін де анықтауға мүмкіндік береді.

Абылай Қайратов, ҚР Президентінің іс басқармасы Медициналық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» зертханасының санитариялық дәрігері:

- Жалпы зерттелген өнімде антибиотиктердің мөлшері анықталған концентрация нормадан асқан жағдайда ол қауіпті болып саналады. Ал егер нормадан төмен болса, пайдалануға рұқсат етіледі және қауіпсіз болып есептеледі. Зертханалық зерттеулерде біз ең алдымен алынған етті гомогенизацияға ұшыратамыз, содан соң фазаны құямыз және экстракция жүргіземіз. Экстракция жүргізіп болғаннан кейін алынған экстрактты сұйықтықты хроматограф масс-спектрометрлік детекторда қолдану арқылы осы зерттеуді жүргіземіз. Антибиотиктер табылған жағдайда ол мөлшеріне байланысты. Яғни егер нормаға сай болса, ол адам ағзасына ешқандай әсері жоқ деп есептеуге болады. Ал егер нормадан өте жоғары концентрацияда болса, ол адам ағзасына тікелей әсер етеді. Яғни ол біріншіден бауыр, бүйрек және ішек-асқазан жодарына әсер етеді.

Зертханада антибиотиктермен қатар пестицидтер, ауыр металдар және өзге де қауіпсіздік көрсеткіштері тексеріледі.

Сондықтан мамандар етті ветеринариялық бақылаудан өткен, өнімнің шығу тегін растайтын құжаттары бар сауда орындарынан алуға кеңес береді. Өнімнің қауіпсіздігіне қатысты күмәннің алдын алу үшін тұтынушы оның қайдан келгеніне және қандай жағдайда сақталғанына назар аударғаны жөн. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz